Төлеби ауданындағы зорлау оқиғасына қатысты Мұрат Қабденов мәлімдеме жасады

73

Түркістан облысына қарасты Төлеби ауданында жан түршігерлік оқиға орын алды. 15 жастағы бойжеткен топтасып зорлаудың құрбаны болды.

4 жігіт бойжеткенді Қасқасу өзенінің бойына апарып, ұрып соққан, сосын топтасып  зорлаған. Содан кейін, жәбірленушінің айтуынша, оны Шымкентке әкеліп, екі күн жеке үйге қамап ұстаған. Кәмелетке толмаған қыздың туыстары оған іздеу жариялады. Кейіннен қаладағы Арбатта жүрген жерінен полицейлер іздеп тапқан.

Аталған оқиға бойынша Түркістан облыстық Полиция департаментінің басшысы Мұрат Қабденов facebook әлеуметтік желісінде жазба жариялады. Онда:

«Құрметті жерлестер және достар!
Департамент басшысы ретінде зорлық-зомбылық фактісі туралы істің барысын түсіндіріп өтсем… Қылмыс орын алды ма, демек заң аясында процестер атқарылып, нақты шешімі қабылдануы және ақ-қарасы ажыратылуы шарт.
Мен айтқалы тұрған істе де, заңды шешімдер кезең кезеңімен атқарылуда.
Яғни, Төлеби аудандық полиция бөлімінде жергілікті тұрғынның кәмелетке толмаған қызына қатысты құқыққа қарсы іс-қимыл фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатқанын хабарлаймын.
Бұл факт ҚР ҚК 120-бабы бойынша тіркелген. Жедел-іздестіру іс-шаралары барысында іске қатысы болуы мүмкін деген бірнеше жігіттен жауаптар алынды. Ал күдікті ретінде танылған жас жігітті қамауға алдық.
Қазіргі уақытта осы факт бойынша тиісті сараптамалар тағайындалды. Беттестіру, жауап алу, айғақты заттармен жұмыс істеу секілді тергеу әрекеттері жүргізілуде.
Департамент басшылығынан арнайы топ құрылып, Төлеби ауданында іске қатысты шараларды атқаруда. Себебі бұл қылмыстық істің тергеу барысы мен топтың жұмысы менің жеке бақылауымда.
Қосымша айтарым, қылмысқа саналы түрде барған адам өзінің әрекеті үшін заң алдында жауап беруі керек!
Сондықтан бұл іске қатысты барлық дәлелдер жинақталып, сотқа жолданатын болады» ,- делінген жазбада.