Түркістанға ҚР Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов арнайы іс сапармен келді. Жұмыс барысында сала басшысы облыс әкімі Дархан Сатыбалдымен кездесіп, өңірдегі суға қатысты өзекті мәселелерді талқылады.
ҚР Cу ресурстары мен ирригация министрінің Түркістан облысына келгендегі мақсаты — ағын су және ауыз су мәселелерін шешу бағытындағы жоспарларды саралау. Кездесу барысында министрге Түркістан облысында су шаруашылығы жүйелерін қалпына келтірудің 2023-2030 жылдарға арналған Жол картасы таныстырылды. Аталған жобаға республикалық бюджеттен қолдау көрсетілсе, 3 жаңа су қоймасы салынып, өңірдегі тағы 17 су қойма жөндеуден өтпек.
Дархан Сатыбалды, Түркістан облысының әкімі: «Қасиетті Түркістанға қош келіпсіз, бізде негізгі мәселе ауыз су, ағын су. Өзііңіз көрші облыста әкім болдыңыз. Біздің облыс орталығы Түркістан қаласына көшкеннен кейін былайша халықтың 90 пайызы ауылдық жерде тұрады. Ауылдың жағдайын өзіңіз жақсы білесіз. Халық көп мәселені көтеріп отырады».
Осы ретте ведомство басшысы оңтүстік өңірдегі суға қатысты өзекті мәселелерді кезең кезеңімен шешу үшін бірлесе жұмыс істейтінін айтты. Яғни, аймақтағы бұқараны сапалы ауыз сумен қамту шараларын уақтылы орындауда су министрлігінен қолдау болады дейді, министр.
Нұржан Нұржігітов, ҚР Су ресурстары және ирригация министрі: «Қызылорда, Түркістан, Алматы, Жетісу облысы 80 пайыз суды алып отыр. Бірінші кезеңде Оңтүстік Қазақстанда ағын суды тиімді пайдалану мәселесін шешу көп жұмыс. Екінші өзіңіз айтқандай ауыз суға байланысты. Әр облыста министрліік қарайтын мекемелері бар. Бүгінгі күні осы оңтүсітк ауыз су мекемесі тарапынан 93-97 елдімекенге 326 мың халыққа 24 сағат ауыз су беріп жатыр. Проблема жоқ емес бар. Осыны талқылап, әсіресе Келес ауданында проблемалар бар».
Бүгінде облыста өмір сүретін халықтың 90 пайызы ауыл шаруашылығымен айналысады. Сондықтан да жергілікті тұрғындарды ағын сумен қамту ең маңызды жұмыстардың бірі. Облыс ұсынған жоспар министрліктен қолдау тапса, өңірдегі 250 мың гектар суармалы жердің мелиоративтік жағдайы жақсарады. 250 мыңға жуық тұрғын сапалы ауыз сумен қамтамасыз етіледі. Каналдар, қашыртқылар, ауыз су құбырлары жөнделмек. Ал бұл жол картасына жалпы 58 жоба енгізілген.