Түркістанның бас полицейі бір ауылдың 15 оқушысы зорланды деген ақпаратқа түсінік берді

847

(Фото: ТО ПД баспасөз қызметі/коллаж Otyrar.kz)

Түркістан облысы Полиция департаментінің бастығы Мұрат Қабденов Отырар ауданы, Шәуілдір ауылында балабақша қызметкері бастауыш сыныпта оқитын 15 оқушыны зорлады деген ақпаратқа түсінік берді.

Полиция генерал-майоры Мұрат Қабденовтің мәлімдеуінше, Шәуілдір ауылында ер адам тарапынан зорлық-зомбылыққа ұшыраған балалар саны 15-ке жеткені туралы ақпарат шындыққа жанаспайды. Қазіргі таңда ведомствоға 3 азамат арызданған. Дегенмен өңірдің бас полицейі зорлық құрбандарының саны артуы мүмкін екенін жоққа шығармайды.

«Ешқандай 15 дерек немесе 15 арыз, 15 жәбірленуші деген жоқ. Сонымен қатар басқа да жәбірленушілерді анықтау мақсатында жедел-тергеу іс-шараларын жалғастырудамыз. Сіздерден тек ресми дереккөздерге сену мен сүйенуді сұраймын» деп мәлімдеді ПД бастығы.

Еске салсақ, біз бұған дейін Отырар ауданында 33 жастағы ер адам бастауыш сыныпта оқитын бірнеше оқушы қызды зорлады деген күдікпен қамауға алынғанын жазған болатынбыз.

Қылмыстық кодекстің 120-бабы 4-бөлігі «зорлау» бойынша қылмыстық іс қозғалды. Қылмыс жасады деген күдікпен Отырар ауданының 33 жастағы тұрғыны қамауға алынды. Ол өз кінәсін мойындаған. Қазіргі уақытта тергеу амалдары жалғасуда.

Бізге келіп жеткен мәліметке сүйенсек, күдікті бұған дейін отбасылы болған. Алайда көп ұзамай әйелімен ажырасып кеткен екен. Ол жәбірленушілермен көрші боп тұрған. Болған жайтты ересектерге айтпас үшін кішкентай қыздарды қорқытып-үркітіп, мың теңгеден берген көрінеді.

Күні кеше белгілі адвокат Айман Омарова желі парақшасында өткен тікелей эфир кезінде балабақша қызметкері тарапынан зорлық көрген балалар саны 15-тен де көп болуы мүмкін екенін мәлімдеді.