Отырарда зорланған оқушылар саны 15-тен астам болуы мүмкін

2644

Түркістан облысы Отырар ауданында балабақша қызметкері тарапынан сексуалдық зорлық-зомбылық көрген бастауыш сынып оқушыларының саны 15-тен астам болуы мүмкін. Оның 14-і қыз бала, 1-уі ұл көрінеді.

Бұл туралы белгілі адвокат Айман Омарова Instagram желісіндегі тікелей эфир кезінде айтты.

Қорғаушының мәліметінше, оқушылардың жаппай зорлану жайты туралы «One-Stop-Service» жобасына Түркістан облысының тұрғындары хабарласып айтқан. Олардың жасы 5-10 жас аралығында екен.

«Бізге алғашында 3 қыз зорлық көрді деген ақпарат келіп жеткен болатын. Енді олардың саны 15-ке жетті деген мәлімет келді. Зорлық құрбандарының саны одан да көп болуы мүмкін. Күдіктіні ұстапты. Бұл видеоүндеуді біз Бас прокуратураға жолдап отырмыз. Барып тексерулерін сұраймыз. Себебі кей ата-ана арыз жазғысы келмей отыр екен. Өйткені істі жауып тастай ма деп қорқады»,-деді адвокат тікелей эфир кезінде.

Ал заңгер Ляззат Ракишеваның айтуынша, қазіргі таңда күдіктімен көрші тұратын  көптеген ата-ана кішкентай қыздарын жаппай гинекологқа тексертіп жатыр екен. Сондықтан зорлық құрбандарының саны 15-тен көп болуы мүмкін.

«Ол азамат (күдікті: авт) балабақшада от жағушы (кочагар) боп істейді екен. Жазда дәл осы адамның үстінен зорлық-зомбылық бойынша бір арыз жазылыпты. Бірақ неге іс қозғалмағаны белгісіз»,-деді Ляззат Ракишева.

Еске салсақ, біз бұған дейін Отырар ауданында 33 жастағы ер адам бастауыш сыныпта оқитын бірнеше оқушы қызды зорлады деген күдікпен қамауға алынғанын жазған болатынбыз.

Облыстық Полиция департаментінің мәліметінше, әзірге екі тұрғыннан арыз түскен. Қылмыстық кодекстің 120-бабы 4-бөлігі «зорлау» бойынша қылмыстық іс қозғалған. Қылмыс жасады деген күдікпен Отырар ауданының 33 жастағы тұрғыны қамауға алынды. Ол өз кінәсін мойындаған. Қазіргі уақытта тергеу амалдары жалғасуда.

Бізге келіп жеткен мәліметке сүйенсек, күдікті бұған дейін отбасылы болған. Алайда көп ұзамай әйелімен ажырасып кеткен екен. Ол жәбірленушілермен көрші боп тұрған. Болған жайтты ересектерге айтпас үшін кішкентай қыздарды қорқытып-үркітіп, енді біріне мың теңгеден ақша берген көрінеді.