«Ұлы дала әуендері» мен «Ұлы дала шежіресі» республикалық байқауы өтті

45

Үшінші мегаполисте қаланы әсем әнге бөлеген «Ұлы Дала Әуендері» және «Ұлы дала шежіресі» республикалық ән байқауы өтті. Дәстүрлі ән және терме орындаушылардың қатысуымен өткен сайыста қырыққа жуық өнерпаз бақ сынады. Айта кетейік, бұл шығармашылық дода биыл алғаш рет ұйымдастырылып отыр.

«Ұлы дала әуендері» мен «Ұлы дала шежіресі» – бұл, оңтүстік өңірінде ұлттық өнерді ұлықтап, насихаттауға бағытталған республикалық деңгейдегі алғашқы байқау.

Ауқымды шараны ұйымдастырудағы басты мақсат, бүгінде ұмыт бола бастаған оңтүстік өңірінің мақамымен орындалатын шығармаларды жандандыру. Талап бойынша, мұнда музыкамен кәсіби түрде айналысып жүрген жас талант иелері өз өнерін дүйім жұртқа көрсетіп, бақ сынайды. Ал олардың өнерін есімі ел аузында жүрген тәжірибесі биік өнер иелерінен құралған әділ қазылар алқасы бағалайды. Бүгін олардың қатарында, әнші, актриса, ҚР Мәдениет қайраткері Жанар Айжанова да бар.

Жанар Айжанова,  ҚР Мәдениет қайраткері: «Шараға қатысушылардың барлығы өздеріне келетін оңтүстіктің әндерін айтып шықты. Маған қызығы сол болды. Ішінде астын сызған қатысушылар болды. Бірақ жалпы қарағанда дәстүрлі әнді айту, жалпы әнді айтсаң да жанды жеп айтасың дейді. Оңай емес».

Бар жан-тәнімен қазақтың қасиетті домбырасымен терме орындаған Нұртуған Абылайұлы «Ұлы Дала шежіресі» республикалық термешілер байқауында бас жүлдеге ие болды. Бұл Шымкенттегі саз колледжінде дәстүрлі ән факультетінің 3 курс студентінің алғашқы жеңісі емес. Осыған дейін жыр-терме номинациясы бойынша үздіктер қатарынан көрінген.

Нұртуған Абылайұлы, термешілер номинациясы бойынша бас жүлде иегері:  « Мен биыл  колледждер арасындағы  консерваторияда өткен жыр терме номинациясы бойынша 2 орын алған болатынмын.  Сосын «Ұлы дала қазақ ойындары» атты жарыста жыр терме номинациясы бойынша 3 орын алған болатынмын».

Фольклортанушы ғалым, эпикалық жыршы Берік Жүсіповтың айтуынша, өңірде бастау алған байқаудың өткізілуі ұмыт қалған оңтүстік шығармашылығының қайта жандануына мүмкіндік береді. Маманның сөзінше, Қзақстанның бірнеше аймақтарында дәстүрлі әннің ғылыми бағыт-бағдары анықталған. Дегенмен оңтүстік өңірінің көптеген туындылары назардан тыс қалып қойғандай.

Берік Жүсіпов, фольклортанушы ғалым, ұстаз:  «Кеңес одағының тұсында бұл өңірдің музыкалық мұралары жүйелі жиналмады. Ал енді біз егемендік алған тұста өз дәрежесінде көңіл бөлген жоқпыз. 2000 жылдары Құрманғазы атындағы мемлекеттік консерваториясында дәріс беріп жүрген уақытымызда оңтүстіктен бала, әнші келсе екен деп тілеп отыратынбыз. Сонда оңтүстіктен әншілер келеді. Бірақ заманауи репертуарымен келетін. Бұл өңірдің байырғы ескі этникалық ерекшелігі бар дәстүр тамырынан тартылып кетті деген сөз. Бірақ бүгінгі байқауда сол оңтүстік репертуарының қайта жаңғырып жатқанына ерекше қуанып отырмын».

Үшінші мегаполисті әсем әуенмен тербеткен мәдени шараны ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай байқаулар жастардың өткенді мәңгі жадында сақтап, төл өнерімізді ұрпақтан-ұрпаққа жеткізуіне септігін тигізеді.

Анаркүл Сүлеева, ұйымдастырушы, журналист: «Біз өзімізді өзіміз көтермесек, дәстүрлі әндерімізді дәріптемесек, термелерімізді жастардың құлағына сусындатпасақ, қазіргі кезде басқаша әуенмен экранның бәрі толып бара жатқаннан кейін дәл осы жобаны қолға алған жайымыз бар. Әрине мұнда қазылықтың құрамында ең мықты деген дәстүрлі фольклорист, жыршы, термешілердің барлығы қамтылды».

Аталған жарысқа барлық облыстардан бір-бір дәстүрлі әнші мен термешіден қатысса, республикалық маңызы бар қалалардан 2-3 үміткерден бақ сынады. Байқауда 2 орын иелеріне 300 мың теңге, 1 орынға 500 мың теңге , ал бас жүлде жеңімпаздарына 700 мың теңгеден ақшалай сыйлықтар табысталды.

Сонымен қатар, жарыста өнері мен ерекше сахналық образымен көзге түскен үздік қатысушылар Жамал Омарова, Құтбай Дүрбаев, Райымқұл Темірбаев, Мұхамеджан Рүстемов, Сүндет Миралиев атындағы арнайы номинациялармен марапатталды.