Жылқы жымқырғаны үшін жеті жылға сотталды

35
фото Егемен.кз

Түлкібас аудандық сотында Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінің 188-1-бабының 3-бөлігінің 2) тармағында және 188-бабының 1-бөлігінде көзделген, яғни бөтеннің малын мал қораға заңсыз кіру арқылы жасырын жымқыру дерегі бойынша айыпталған «Б» есімді азаматқа қатысты қылмыстық ісі қаралды.

Сотта анықталғандай, сотталушы «Б» бөтеннің малын жасырын жымқырып пайда табу мақсатында, жәбірленуші «З»-ға тиесілі мал қораға барып, ішіне заңсыз кіріп, 8 жасар көк торы түсті айғырымен қоса, айғырды мінуге және оны алып кетуге ыңғайлы болу үшін жылқының жанында тұрған ат әбзелдерін жиынтығымен ерін қосып жымқырған.
Сотталушы «Б» басты сот талқылауында ұрлық жасаудағы өз кінәсін ішінара мойындап, қызы ауырып ақша керек болған соң сондай әрекетке барғандығын түсіндіріп, бас бостандығынан айырмауды сұрады.
Сот үкімімен азамат «Б» Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінің 188-1-бабының 3-бөлігінің 2) тармағында және 188-бабының 1-бөлігінде көзделген қылмыстық құқық бұзушылықтарды жасағаны үшін кінәлі деп танылып, оған түпкiлiктi 7 (жеті) жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.
Айта кету керек, Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексіне өзгеріс енгізіліп, 2020 жылдан бастап мал ұрлығына қатысты жаңа 188-1 бап енгізіліп, жазасы қатаңдатылған болатын. Онда мал ұрлаушы мүлкі тәркілене отырып, 5 жылға дейін, ал алдын ала сөз байласу арқылы адамдар тобы жасаған не ірі мөлшерде жасалған жағдайда 7 жылға дейін, бірнеше рет жасаған не тұрғын үй-жайдың, кәсіпорынның, ұйымның, мекеменің, мал қораның, қашаның немесе өзге де қойманың ауласына кiрумен жасалған жағдайда 10 жылға дейін, қылмыстық топ жасаған не аса ірі мөлшерде жасалған жағдайда 12 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы көзделген.