Қазақстан Францияға жылқы етін көптеп жеткізуге мүдделі. Бұл туралы үкімет басшысының орынбасары Серік Жұманғарин айтты. Франция президентінің ресми сапары барысында шетелдік делегацияның өкілдері қазақтың жылқы етін жеп көрген. Жұманғариннің айтуынша, қонақтарға ұнап қалған. Тіпті, тағы салып беруді сұраған.
«Кеше француздармен жылқы етінің экпорты туралы сөйлестік. Себебі Франция ол етті тұтынатын мемлекеттерге жатады. Қазір бізде Жапонияға ет тасымалдайтын 32 компания бар. Францияға да жеткізілетін еттің көлемін арттыру қажет. Кеше оларға жылқы етін бергенбіз, ұнатып қалды, тағы салып беруді де сұрады», — деді Жұманғарин журналистерге берген сұхбатында.
Оның айтуынша, биыл жылқы етінің өндірісі айтарлықтай өсті. Мал басы да күрт өсті. Ал тамаққа қолданылатын жылқылардың басым бөлігі батыста көбейтіледі.
«Қазіргі кезде біз ауыл шаруашылығы бойынша тәжірибелік станцияны құруға шешім қабылдап жатырмыз. Ақтөбеде мал шаруашылығы институтының бөлек филиалы болады. Олар жылқы өсірумен ғана айналысады», — деп атап көрсетті Жұманғарин.