Облыстық клиникалық аурухананың 155 жылдық мерейтойы аясында мекеме қабырғасында күрделі ота түрлері жасалды. Қазақстанның бірнеше қаласынан және шетелдерден келген білікті мамандар облыс ақ халаттыларына шеберлік сабақтарын өткізіп, тәжірибесімен бөлісті.
Облыстық клиникалық ауруханада бірнеше күрделі ота жасалып жатыр. №2 операциялық бөлімде мамандар науқасты күрделі кезеңге дайындауда. 1963 жылғы пациентке өңештің жарығына лапороскопиялық операция жасалады. Ал отаның маңызды бөлігі — анестезиялық көмек үшін оның тереңдігін көрсететін жаңа технология қолданылады. Су жаңа құрал анестезиолог дәрігерге қажет респираторлық және гемодинамикалық көрсеткіштен хабар береді. Аппарат ауруханада алғаш рет қолданылып отыр.
Еркінбек Исмаилов, медицина ғылымдарының докторы: “Монитор Массимо – екі бөлктен тұрады. Бір жағы анестезияның тереңдігін көрсететін болса, екінші жағынан барлық анестезиолог дәрігерге қажетті көрсеткіштерді көрсетеді. Бұл өте маңызды науқас үшін де, дәрігер үшін де. Мұның бір ерекшелігі – барлығы инвазивті емес, яғни маңдайшадағы және қолдағы датчик арқылы көрсетеді”
Облыстық клиникалық аурухананың 155 жылдық мерейтойы аясында 20-ға жуық ота жасалуда. Оның қатарында асқазан-ішек жолдары хирургиясы, урология, интервенция, гинекология және ортопедия салалары бар. Қазақстанның түкпір-түкіпіріндегі және шет елдердегі дәрігерлерге шеберлік сабақ барысы онлайн-трансляция арқылы көрсетіледі.
Нұрсұлтан Жұмабек, Облыстық клиникалық аурухананың ота бөлімі меңгерушісі: “Алыс-жақын шетелдерден, республиканың басқа да өңірлерінен тәжірибелі мамандарды шақырып, тәжірибе алмасу мақсатында күрделі оталар жасалуда. Барвиттік семіздік бойынша алдыңғы күні жасалды, онкологиялық оталар жасалды. Бүгін Ұлттық Ғылыми хирургия орталығының мамандары ота жасауда”
Әділ Шөкебаев, А.Сызғанов атындағы ұлттық ғылыми хирургия орталығы асқазан-ішек, эндокриндік ағзалар хирургиясы бөлімінің меңгерушісі: “Жасайтын оталарымыз – диафрагмалық жарық және тоқ ішектің бір бөлігін алып тастау отасы. Оны малоинвазивті түрде жасаймыз. Осы малоинвазивті хирургияға өкінішке орай, көп адам көрші мемлекетке кетеді. Ол негізі халықтың білмейтіні, ол оталар Қазақстанда жоғары деңгейде жасалады”
Еліміздің бірнеше қаласынан және алыс-жақын шет елдерден келген мамандар шеберлік сабағын өтіп қана қоймай, лекциялар оқыды. Сондай-ақ, өңірге арнайы келген білікті ақ халаттылар облыстың дәрігерлері мен медицина саласының студенттеріне бірнеше маңызды тақырыпта баяндама жасап, сауалдарына жауап берді.