Шымкентте жыл басынан бері 48 адам полиция ғимаратынан босатылған. Бұл туралы қала прокуроры Ғабит Мұқанов мәлімдеді.
Шымкент қалалысының прокуратурасы азаматтардың конституциялық құқықтары мен бостандықтарының сақталуын жүйелі түрде бақылап отырады. Қылмыстық процестік кодекстің 129-бабына сәйкес, жеткізу – адамның қылмыстық құқық бұзушылыққа қатыстылығын анықтау мақсатында үш сағаттан аспайтын мерзімге қолданылатын процестік мәжбүрлеу шарасы. Егер адамға қарсы қылмыс жасады деген күдік расталмаса, қылмыстық қудалау органының қызметкері оны дереу босатуға міндетті.
Ведомство мәліметінше, алайда бұл заңды талапты кейбір лауазымды тұлғалар көбіне сақтамайды. Сондықтан құқық бұзушылықтарды болдырмау және алдын алу мақсатында прокурорлар қылмыстық қудалау органдарының қызметтік бөлмелеріне тексеру жүргізіп отырады.
Атап айтқанда, полиция басқармаларын прокурорлар тексеру барысында қандайда бір тергеу әрекеттерін жүргізбей, жеткізілген 3 тұлғаны 3 сағаттан астам уақыт бойы ғимаратта заңсыз ұсталғаны анықталды. Құқығы бұзылған адамдар прокурормен дереу босатылды.
Жиналған құжаттар қызметтік тергеу жүргізіп, кінәлі полиция қызметкерлерін заңда көзделген жауапкершілікке тарту үшін Шымкент қалалық Плиция департаментінің өзіндік қауіпсіздік басқармасына жолданды.
Шымкент қаласының прокуроры Ғабит Мұқановтың айтуынша,ағымдағы жылдың 9 айында прокурорлар полиция ғимараттарында заңсыз болған 48 адамды (оның ішінде Қаратау ауданында – 23, Тұран ауданында – 9, Әл-Фараби ауданында – 8, Абай ауданында – 7, Еңбекші ауданында – 1) босатқан.
Прокурорлық қадағалау актілері бойынша 24 лауазымды тұлға әртүрлі тәртіптік жазаға тартылды.
Қала прокуроры өз сөзінде қылмыстық процестік заңнаманың мүлтіксіз орындалуына ұмтылу керектігін, азаматтардың құқық қорғау органдары ғимаратында бір минуттан аса негізсіз болуына жол берілмеуі керектігін және олардың құқықтарын бұзғандар үшін салдары болатынын атап өтті.
Жұмыстар жалғасуда.