Шымкент әкімі кәріз коллекторындағы апаттан зақым келген үйге барды

37

Шымкент әкімі Ғабит Сыздықбеков кәріз коллекторында орын алған апаттан баспанасы қирау алдында тұрған Людмила Панкратованың үйіне барды. Қиын жағдайда қалған зейнеткердің жағдайын сұрап, қажетті көмектер көрсетілетінін жеткізді.

Айта кетейік, апат Қамысты көшесіндегі 60 жылдан бері қолданыста болған «Су ресурстары-Маркетинг» ЖШС-іне тиесілі кәріз коллекторында болған. Аумақта авариялық жағдайды жою мақсатында шұғыл түрде кешенді жұмыстар ұйымдастырылды. Қазір жөндеу жұмыстары жалғасуда. Бүгінде комиссиялық тәртіппен мүліктер қалпына келтірілуде. Бұл туралы қала әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.

Шаһар басшысы Энергетика және инфрақұрылымды дамыту басқармасының басшысына «Су ресурстары-Маркетинг» ЖШС өкілдерімен  бірлесіп, заңнамаға сәйкес құбырдың жарылу себебіне талдау жасап, өзекті мәселелерді шешуді, суағар жүйелерін жүргізуді тапсырды. Ал аудан әкіміне апат салдарынан зақым келген үйді бұзу, қайта салу жұмыстарын, уақытша жалдамалы пәтер ақысының төленуін қадағалау бойынша нақты тапсырма берді.