Шымкент тұрғынының көлігінен аса ірі мөлшерде меф табылды

26

Есірткі бизнесіне қарсы күрес басқармасының қызметкерлері арнайы операция жүргізу барысында ірі есірткі өткізушіні ұстады. Абай ауданы аумағында 40 жастағы ер адамның басқаруындағы Audi көлігі тоқтатылды.

Автокөлік салонын тексеру кезінде жедел уәкілдер ақ түсті ұнтақ заты салынған изолентамен оралған полиэтилен пакеті табылды. Сараптама қорытындысына сәйкес, тәркіленген зат салмағы 104 грамм синтетикалық «мефедрон» есірткі заты болып шықты.
Ер адам интернет арқылы есірткі салынған пакеттер жасырылған орындардың координаттарын алып, оларды бір реттік дозаларға бөліп, қала аумағында жасырып жүргені анықталды. Полиция аталған жайт бойынша сотқа дейінгі тергеуді бастады.
Ұсталған азамат 297-баптың 3-бөлігі «Есірткі заттарын аса ірі көлемде өткізу» бойынша қылмыс жасады деген күдікке ілініп, уақытша ұстау изоляторына қамалды.
Тәртіп сақшылары есірткімен байланысты кез-келген заңсыз іс-әрекет қылмыстық жауапкершілікке әкеп соғатынын ескертеді.