Шымкенттегі орталықтандырылған жылу жүйесіне қосылған көпқабатты үйлердің тұрғындары алдағы қыста бүрсең қақпайды. Қала әкімінің орынбасары Нұрсадық Ергешбек осындай мәлімдеме жасады. Айтуынша , саладағы жағдай әкімдіктің қадағалауында. Ал тұтынушыларды қызықтыратын тариф бағасы қаңтардан бастап көтеріледі.
Шымкентте жылу тарифі қымбаттайды. Мамандар мұның мәжбүрлі шара екендігін айтып отыр. Дегенмен жылуға төленетін ақы қашан және қанша теңгеге көтерілетінін әзірге ешкім дөп басып айта алмайды.
Нұрсадық Ергешбек, Шымкент қаласы әкімінің орынбасары: «Жылуға тарифтің бағасы көтеріледі. Алайда қазір нақты қаншаға айта алмаймын, тым көпке емес. Өйткені өздеріңізге мәлім, «3-энергорталық» газбен жұмыс істейді, көгілдір отынның бағасы, электр энергиясының бағасы ағымдағы жылы өсті. Тарифтің ішінде осыдан бөлек жалақы да бар. Тариф әдеттегідей 1 қаңтарда көтеріледі. Ал тұтынған жылуға түбіртектер қарашадан бастап келе бастайды».
Шымкентте биыл жылу маусымы өткен жылдарға қарағанда ертерек басталды. Қала әкімінің өкімімен 20 қазаннан шаһардағы мектеп, аурухана және емхана, жалпы әлеуметтік нысандар, көпқабатты үйлер кезеңімен орталықтаныдырылған жылуға қосыла бастады. Әрине күрделіктер де жоқ емес.
Нұрсадық Ергешбек, Шымкент қаласы әкімінің орынбасары: «Үйді тұрғындар жылыту маусымына қалай дайындайтыны баршаға мәлім. Арзан деп кез — келген слесарьді шақырады. Ол қалай болса, солай істейді. Біз жүйеге ыстық су жібергенде, ақаулар пайда болады. Әрине, біз көмектесеміз, үйді жылуға қосуға әрекеттенеміз. Алайда осындай жағдайлар көпқабатты үй тұрғындарының жылыту маусымға дайындығын көрсетеді».
27 қазандағы мәліметке сүйенсек, қаладағы 464 бюджеттік мекемелер 100 пайыз жылумен қамтылған, 2076 көпқабатты үйлердің 2024-не жылу берілген. Қалған үйлер орталықтандырылған жылу жүйесіне кезеңімен қосылуда. Сонымен қатар, жауаптылар былтыр қыста орын алған кемшіліктер биыл қайталанбайды деп уәде беріп отыр.
Нұрсадық Ергешбек, Шымкент қаласы әкімінің орынбасары: «Былтыр үлкен кәсіпорындарды өшіріп, барлық жылуды көпқабатты үйлерге бердік. Биыл аяз қатты болса, барлық жағдайды жасаймыз, жылу үнемі болады».
Мақсат Ердембеков, Шымкент қаласы энергетика және инфрақұрылымды дамыту басқармасының басшысы: «Былтыр Тұран-2- де проблема болған. 88 үйдің 56-ына жылу берілді. Қалғандарына кезекпен берілуде. Биыл күрделілік болмайды».
«Қуатыжлуорталық-3» МКК-ның мәліметі бойынша, бүгінде қала тұрғындарының тұтынған жылуға төленбеген қарызы 280 миллион теңгеге жеткен. Бүгінде оларды өндіріп алу бағытында сот орындаушылары мен мекеменің қызметкерлері жұмыс атқаруда.