Журналистика саласының өзекті мәселелері медиафорумда талқыланды

20

Түркістанда медиакраттар форумы өтті. Көтерілген тақырып  — «Масс-медиа» туралы заң және журналистер тағдыры. Мұнда БАҚ-тың бүгінгі жағдайы терең талқыланып, жаңа заңның кемшіл тұстары ортаға салынды. Сонымен қатар жергілікті журналистиканың мәселелері де назардан тыс қалмады.

Елімізде жаңа заң жобасын талқылау үшін 100-ге жуық адамнан тұратын жұмыс тобы құрылған. Оның ішінде белгілі журналист, көркемсөз шебері Есенгүл Кәпқызы бар. Ол заңның 26, 29 баптарына түзету енгізу керек екенін алға тартып отыр. Атап айтқанда: аккредиттеу мен пресс-картаны қолданысқа енгізу мәселелері. Маман тиісті орындарға бұл мәселеге қатысты ұсынысын бірнеше рет жеткізіпті.

Есенгүл Кәпқызы, журналист:

«Басында бұл заңның өте көп проблемалары болды. Заңда көптеген дүние ауысты. Көп талқылауға түсті. Біздің қатты қарсы болып, заң жобасынан алдырып тастаған нәрсеміз бар. Ол — этиканың заңмен қарастырылуы. Ешбір елде, тіпті ұйымда этика заңмен қаралған емес. Этиканы әр мекеме өзі қарастырады.»

Медиафорумға БАҚ өкілдерінің тағдырына бей-жай қарамаған белсенді тұлғалар жиналды. Мұнда заң жобасынан бөлек жергілікті БАҚ-тың қазіргі жай-күйі талқыға түсті. Сонымен қатар жобаны әзірлеген азаматтар форумға онлайн форматта қатысып, күнгей өңірлік тілшілердің назына да құлақ түрді.

Ғалымжан Елшібай, облыстық мәслихат депутаты:

«Масс-медиа туралы заңның талқылауға түскеніне көп болды. Бірақ заң жобасында көбінде аймақтық журналистиканың тағдыры, аймақтағы журналистердің мәселесі еленбей қалып жатады. Біздің бүгінгі жиынды ұйымдастырудағы мақсатымыз – осы аймақтық журналистиканың мұң-мұқтажы айтылмай қалмаса, сол заң жобасында ескерілсе, қамтылса деген ниетпен туындаған медиафорум.»

Парламент мінберінде қабылданатын жобаны талқылауға 100-ден аса маман жиналды. Олар еркін форматта өз пікірін ортаға салды. Ал кездесу барысында белгілі болғандай, материал үшін журналистің жауапкершілік мерзімі 10 жылдан 3 жылға төмендеген. Сонымен қатар сала мамандары мемлекеттік тілдің қолдану аясын 70/30-ға арттыруды сұрағанын жеткізді. Айта кетейік, заң жобасы әлі талқыланып жатыр. Қабылданатын толық нұсқасы қашан жарияланатыны да әзірге белгісіз.