Ұ. Сәдібеков: Отандық журналистика елді біріктіруші күшке айналуы керек

370

Қаламгерлердің ынтымағы жарасымды болса, қоғамдық пікір де дұрыс бағытта қалыптасып, дамиды. Демек, ауызбіршілік пен елдік мүдде журналистер мен әлеуметтік желі қолданушыларының басты қағидатына айналуы керек. Бұл туралы бүгін «Бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желінің қоғамды біріктірудегі рөлі» атты облыстық қоғамдық кеңестің кезекті отырысында Түркістан облысы әкімінің орынбасары Ұласбек Сәдібеков мәлімдеді.

Жиынға бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері мен әлеуметтік желі белсенділері қатысып, бүгінгі журналистиканың жай-күйін жан-жақты саралады. Өз кезегінде Ұ.Сәдібекұлы соңғы жылдары мобильді интернет қолданушыларының саны күрт өскенін, бұл бір жағынан ашықтық пен жариялықтың орнауына жол ашса, екінші кезекте елдің ынтымағына сызат түсіріп, қоғамдық дау тудырып жатқаны жан ауыртатынын айтты.

«Бұқаралық ақпарат құралдары бүгінде қоғамдық өмірдің түрлі салаларындағы проблемаларды уақтылы көтеру арқылы, оны биліктің назарына ұсынып, оң шешімін табуына ықпал етуде. Дегенмен, БАҚ-тың мұнан да маңызды миссиясы барын ұмытпауға тиіспіз. Ол – қоғамдық пікір қалыптастыру арқылы халықты елдік асқақ мақсаттарға жұмылдыру, қоғамға жол көрсетіп, ұлттың тәрбиешісі болу. Яғни, ақпарат құралдары елді біріктіруші факторға айнала білуі тиіс. Кейбір қаламгерлер мен желі қолданушылары «сенсация жасаймын» деп шындыққа жанаспайтын, елдің ынтымағына бұзатын немесе қоғамға кері әсерін тигізетін ақпараттарды таратып жатады. Мысалы, күні кеше ғана «мектепке 300 метр аумақтағы мешіттер сүріледі» деген жаңсақ ақпарат таралытып, соңында Астанадағы тиісті орындар терістеме беру арқылы жоққа шығарды. Бұл адамгершілікке де, заңға да қайшы әрекет екенін айтқым келеді», – деді облыс әкімінің орынбасары.

Жиын барысында сөз сөйлеген журналист Әбдез Рахманұлы әлеуметтік желі белсенділерінің соңғы кездері мәселенің байыбына бармай жатып, оңды-солды пікір білдіре салатыны қынжылтады деді. Яғни, ғаламтор беттеріндегі жазбаларды мыңдаған адамның оқитынын ескерсек, эмоцияға беріліп жаза салған дүниеден кейін қоғамда пікір қалыптастыру қиын болады деп ой салды.

Ал, «Айғақ» телеарнасының директоры Дулат Әбіш қазіргі таңда журналистер білім беру ұйымдарынан қорқытып қаржы жинауды кәсіпке айналдырғанын айтты. Бұл әрекеттің аталған саланың беделін түсіріп, барша қаламгерлерді абройдан айырып жатқанын айта келе, осы мәселені бірлесіп шешуге шақырды.

Сондай-ақ, кеңес отырысында ақпараттың ақ-қарасын ажыратпастан таратудың заң немесе ар алдындағы жауапкершілігі орасан екені сөз болды. Мәселен, 2017 жылы республикада осыған ұқсас жағдаймен 20 азамат істі болған.

Сонымен қатар, ҚР Журналистер одағы облыстық филиалының төрайымы Айгүл Қапбарова БАҚ өкілдері мен әлеуметтік желі қолданушыларын ел ішіне іріткі салудан аулақ болып, халықты біріктіруге бастайтын үндеу жарияланды. Онда журналистика саласының мамандарын дәлелденбеген, жалған ақапараттарды таратпауға, жеке адамның қадір-қасиетіне және іскерлік беделіне нұқсан келтіретін, этносаралық және конфессияаралық келісімді бұзатын, зорлық-зобылықты, лаңкестік пен экстремизмді, рушылдықты қоздыратын ақпараттарды жарияламауға шақырамын делінген.

ontustik.gov.kz