Шымкенттік күзет қауымдастығы мемлекеттік салып алу конкурсына наразы. Олар күзетшілерге беретін айлық қаражатының аздығын айтады. Биыл әупірімдеп айлықты шығарған кәсіпкерлер бөлінген қаржы келер жылы тіпті күзетті ұйымдастыруға да жетпейтінін айтып отыр.
Шымкентте мектеп күзетшілері жұмыссыз қаламыз ба деп алаңдаулы. Себебі мемлекеттік сатып алу порталында білім ошақтарын күзетпен қамту шарасына аз қаражат бөліпті. Салдарынан осы сала мамандары келер жылдан бастап, өз қызметін көрсетуден бас тартпақ. Ал напақасын айырып жүрген жандар не істерін білмей дал.
«Күзетшілер жұмысқа шықпаймыз деп жатыр. Ақшасы аз. Оған қоса мың оқушыдан асқан мектептер 2 пост қою керек. 1 күзетші ары-бері тексеріп үлгермейді. Мектеп аумағын қарауымыз керек, ішкі бақылау керек. Үлгермейді. Ал 70 мың айлыққа мына күнде өмір сүрудің өзі қиын», — дейді күзетші Сағындық Жұмалинов.
Шымкент күзет қауымдастығының сөзінше биыл ашық конкурста әр мектеп айына 267 мың теңге бөлген. Ал келер жылға бұл қаржы одан да қысқарып кетіпті. Айтуларынша 250 мыңнан асатын теңгені 3-4 адамға бөліп беру керек. Алайда оған мемлекеттен бөлінген ақша жеткіліксіз. Сондықтан кәсіпкерлер мәселені бірнеше рет көтеріпті.
«Білім басқармасына хат жолдап, айына бөлінетін қаржы 550 мыңнан кем болмайтынын дәлелдеп бергенбіз. Бірақ 2024 жылға бөлінген ақша 2023 жылдан да төмен. Біз қатысайын десек не жұмысшыларға дұрыс ақша бере алмаймыз, не балалар қауіпсіздігін дұрыс қорғай алмаймыз. Мұнымен қатар, фонарь, метал іздегіш, қол қаруы, налог төлеуге ақша қалу керек. Ал ол 250 мың теңге айлыққа да жетпейді», — дейді Шымкент күзет қауымдастығының төрағасы Уәлихан Адаев.
Ал қаламыздың бас педагогы қаражат кәсіпкерлердің жыл сайынғы ұсынған бағасы негізінде бекітілетінін айтады. Сондықтан биыл 2022 жылғы конкурстың нәтижесіне қарай шешім шығарыпты. Білім басқармасының басшысы туындаған проблеманы алдағы уақытта жауапты мекемелермен бірге шешетінін жеткізді.
“Бұл мәселе Мемлекеттік сатып алу жүйесінде жүзеге асады. Кәсіпкерлер қандай қаражат ұсынады соған сай баға бекітіледі. Бүгін кәсіпкерлермен кездестік. Оларға 1 ғана уәде бере аламын. Қазір қарастырып көреміз, сараптаймыз. Соған қарай шешім шығарамыз” — дейді Шымкент қаласы білім басқармасының басшысы Нұргүл Шәмшиева.
Қауымдастық мүшелері күзет қызметіне бөлінген ақшаның аздығынан жастардың жұмыс істегісі келмейтінін айтады. Сондықтан бұл салаға көбіне зейнет жасына жақындаған азаматтарды алуға мәжбүр.