«Әр мекеме мүгедектігі бар адамдардың ғимаратқа кіріп-шығуына жағдай жасауға міндетті»

3
фото Отырар.кз

Шымкентте қанша адам әлеуметтік төлем алады? Оларға әлеуметтік төлемдерді қалай белгілейді? Мүгедектігі бар адамдар жыл сайын неліктен тексеруге барады? Осы және тағы басқа сауалдарға ҚР Еңбек және әлеуметтік қорғау Комитетінің Шымкент қаласы бойынша департаментінің басшысы Руслан Тұңғышбаев жауап берді.

Еңбек және әлеуметтік қорғау комитетінің Шымкент қаласындағы департаменті қандай қызмет түрлерін көрсетеді?

Біздің департамент 3 бағытта қызмет атқарады. Біріншісі – зейнетақы мен жәрдемақыларды тағайындау. Екіншісі – медициналық-әлеуметтік сараптама жүргізу, үшіншісі – әлеуметтік қорғау саласындағы заңнамалардың сақталуын мемлекеттік бақылау. Біз 17 мемлекеттік қызмет түрін ұсынамыз. Оның басым бөлігі Халыққа қызмет көрсету орталығы арқылы қабылданып, біздің департаментте тиісті жұмыс атқарылады.

Шымкентте қанша адам әлеуметтік төлем алады?

Шымкент қаласында зейнетақы мен мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақы алатын адам саны 205 мыңнан асады. 2024 жылдың 1 тоқсанында жаңадан тағайындалған зейнетақы мен жәрдемақылар және қайта қаралған төлемдер саны – 36 505 болып отыр. Ал жаңадан тағайындалған зейнетақы мен жәрдемақы саны – 21 631 болса, қайта қаралған зейнетақы мен жәрдемақы саны –14 874. Ал енді 31 мемлекеттік қызмет көрсетуден және 323 мемлекеттік кепілдік төлеуден бас тартылды. Осы тұста айта кетейін, зейнетақылар мен жәрдемақыларды тағайындау ҚР Нормативтiк-құқықтық актiлерiне сәйкес жүзеге асырылады. Бұл бойынша заңсыз тағайындалған төлем жоқ. Азаматтар зейнетақы тағайындату үшін Халыққа қызмет көрсету орталықтарына келген кезде №232 бұйрыққа сәйкес тиісті құжаттарды тапсырған соң, ол бізге электронды түрде келеді. Бұл электронды макет деп аталады. Содан кейін біздің қызметкерлер еңбек өтілін, тиісті құжаттарын санап тағайындайды. Енді айтайын дегенім, бізге келген құжаттардан қайтарылатын құжаттар болады. Оны қайтару себебіміз – азаматтардың құжатында кейде еңбек өтілі сәйкес келмей қалады. Болмаса, тізімге сәйкес құжаттар толық болмай шығады. Сондай кезде біз кемшіліктерді реттеп, құжаттарды толықтыру үшін қайтарамыз. Тиісті мерзімде оны өткізуіне болады.

Шымкентте қанша мүгедектігі бар адам бар?

Қазіргі таңда қаламызда 41 мыңнан астам азаматқа мүгедектік медициналық сараптама тағайындалған. Бұл қала тұрғындардың 3,4%-ын құрайды. Оның ішінде, 33195-і ересек адам болса, 1-топ – 4368, 2-топ – 15347, 3-топ 13480 болып отыр. Ал мүгедектігі бар бала – 7 857, оның 2660-ы 7 жасқа дейінгі балалар. 1-топтағы мүгедектігі бар бала – 738, 2-топтағы мүгедектігі бар бала –1873, 3-топтағы мүгедектігі бар бала – 2586.

Қала бойынша интенсивті көрсеткіш – 6,1. Еліміздегі интенсив көрсеткіш- 7,0. Өкініштісі бұл сан жылдан жылға өсіп келеді.

Департаментте қазір мүмкіндігі шектеулі азаматтарға барлығы 6 медициналық-әлеуметтік сараптама бөлімі мемлекеттік қызмет көрсетеді.

Мүмкіндігі шектеулі азамат ретінде анықтама қалай тағайындалады?

Ең алдымен қол қуатының күшін анықтайтын анықтаманы медициналық ұйымдар жазып береді. Олардың ішкі комиссиясы қарап, бізге №31 форманы толтырып жібереді. Сол жерде адамның қуат күші қаншалықты, қандай деңгейде жұмыс атқара алатыны жайлы мәліметтер толығымен көрсетіліп тұрады. Соған сәйкес шешім қабылданып, мүгедектік тағайындалады.

Мүмкіндігі шектеулі азаматтар жыл сайын тексерістен өтуге наразы болып жатады, мұның себебі неде?

Осы жағдайды түсіндіріп өтейін. Мысалы бір қолы жоқ азамат 3-топтағы мүмкіндігі шектеулі адам қатарына жатады. Ол кісілер де жыл сайын тексеріліп, мүмкіндігі шектеулі екенін анықтап жүргісі келмейді және бұған наразы болып жатады. Біздің шақырудағы себебіміз – бәлкім ол кісіге жаңадан оңалту шарасын қабылдауымыз керек болатын шығар не ол кісінің жағдайы күрделеніп жатқан болар осы жағдайды анықтау үшін сол адамды шақырамыз. Әйтпесе ол кісі жәрдемақыдан қағып салу мақсатында шақырылмайды. Осыны азаматтар дұрыс түсінсе екен.

Қазір әлеуметтік желіде зейнетақы тағайындау бойынша біраз жалған ақпарат шығып жатыр. Бұған не дейсіз?

Иә, зейнетақыға қатысты көп жалған ақпарат тарайды. Мысалы «1986 жылы туғандардан бастап зейнетақы тағайындалмайтын болыпты» деген сияқты көптеген ақпарат тарады. Мұндайға сенбеу керек. Зейнетақы тағайындау жайлы қандайда бір көңіл түсіретін жаңалық естіп-біліп жатса, оны басқаға таратудың қажеті жоқ. Әр азамат алдымен өзі осы ақпаттың рас-өтірігін анықтау керек. Біздің департаменттің, комитеттің, министрліктің ресми сайтында барлық жаңалық тұрады. Біздің қызметкерлер кез келген тұрғынға қызмет көрсетуге дайын.

Департаменнің тағы бір бағыты – әлеуметтік қорғау саласында заңнамалардың сақталуын мемлекеттік бақылау екенін айтып өттіңіз. Бұл жағынан қандай мәселелер бар?

Біздің департаментте әлеуметтік қорғау саласында заңнамалардың сақталуын мемлекеттік бақылау бөлімі жұмыс істейді. Бұл бөлім мүмкіндігі шектеулі жандардың құқығын қорғаумен айналысады. Егер сол адамға қандай да бір оңалту іс-шаралары, гигиеналық қызметтер бекітілсе, бірақ қандай да бір себептерге байланысты сол қызметтерді ала алмаса, құқы бұзылса, бізге хабарласуына болады. Тағы бір мәселе – мемлекеттік мекемелерге, бизнес нысандарға кіріп-шығу мәселесі. Олардың бәрі де мүмкіндігі шектеулі адамдардың кіріп-шығуына жағдай жасауы керек. Осы мақсатта біз жыл басынан бері 16 жоспарлы тексеріс өткіздік. Және 2 профилактикалық бақылау да болды. Жоспардан тыс 13 бақылау да өткіздік. Бұдан бөлек, қалалық және аудандық прокуратураның қаулысы негізінде тағы 14 тексеріс жүргіздік. Сонда барлығы 32 тексеріс болды. Осы тексерістер нәтижесінде 3 миллионнан астам айыппұл салынды. Айыппұл салынғандар арасында мемлекеттік мекемелер, жекеменшік мекемелер, тіпті университтер де болды. Біз бірден айыппұл салмаймыз, әрине. Тексеріс барысында кемшіліктер анықталған жағдайда тиісті нұсқаманы толтырып, әкімшілік жауапкершілікке тартамыз. Ол деген осы кемшіліктерді жоюға мерзім беріледі. Мысалы, 3 айдың ішінде көлік тұрағындағы кемшілік, кіре беріске пандус қою сынды кемшіліктерді жоюға уақыт беріледі. Бұл мекеме берілген мерзім ішінде анықталған кемшілікті жоюға тиісті болады. Егер жоймаған жағдайда әкімшілік кодекстің 462-бабына сәйкес нұсқаманы орындамағаны үшін тағы тиісті тексеріс жүргізіліп, сотқа өткізіледі.

Ал қоғамдық көліктерде шағым болып тұрады иә, бұл бағытта жағдай қандай?

Иә, жақында да қоғамдық көлікке қатысты мәселелер туындады. Тұрғындар тарапынан сұрақ бар, мәселе жоқ деп айта алмаймыз. Бұл бойынша департамент тарапынан тиісті жұмыстар жүргізіп жатырмыз. Біз қоғамдық көлікті тексеруді келесі жарты жылдықтың жоспарлы тексерісіне қостық. Бұл бойынша тиісті жұмыстарды атқарып, өзімнің жеке бақылауымда ұстаймын.

Сұхбаттасқан — Жанерке ХУМАР