Мешітте кітапхана ашылды

46

Келес ауданының орталығы Абай ауылында орналасқан Сатыбалды Иманберді атындағы орталық мешітінде кітапхана пункті ашылды. Кітапхана «Ашық әкімдіктегі ашық кітапхана» жобасы аясында ашылып отыр. Мұндағы сөрелерге түрлі саладағы кітаптар және оқырман сұранысына ие соңғы басылымдағы кітаптар қойылған. Әзірге кітапхана қорында 1000 кітап бар.

Мешіт аумағында орналасқан кітапхананы ашу үшін журналист, Қазақстан Жазушылар одағы Түркістан облысы филиалының төрағасы Айдар Сейдәзім Бастарбекұлы, айтыскер ақын Біржан Байтуов, ақын Сүндет Сейітов Мұратбекұлы, журналист, ақын Бауыржан Ерман Мейірханұлы және «Amanat» партиясының Келес аудандық филиалы төрағасы Ахмет Жұмабеков арнайы қатысып, көпшілікке ыстық ықыласын білдірді.
Келес ауданындағы рухани шара Әшірәлі Кенжеев атындағы аудандық мәдениет үйінде жалғасты. Онда Түркістан облысының әкімдігі және облыстық Мәдениет және туризм басқармасының қолдауымен, Қазақстан жазушылар одағы Түркістан облыстық филиалы, «Фараб» кітапханасының ұйымдастыруымен «Түркістан таланттары» жобасының өңірлік кеші Келес өңірінде жалғасты. Кеш кейіпкерлері айтыскер ақын Біржан Байтуов және жас ақын, журналист Бауыржан Ерман болды.
Шара барысында «Ақын елдің ардақтысы» тақырыбында ұйымдастырылған кеңейтілген кітап және инсталяциялық кітап көрмелерге кітапханашылар библографиялық шолу жасап қонақтар мен көпшілік оқырмандарға таныстырылды.
Кешті Келес аудандық әжелер алқасы Әділет Әзімқұлова ұйымдастырған «Әжелер» тобы ән шашуымен қонақтарды күтіп алып, «Amanat» партиясының Келес аудандық филиалы төрағасы Ахмет Жұмабеков пен Түркістан облыстық «Фараб» әмбебап ғылыми кітапханасының директоры Жанат Шардарбекова кеш шымылдығын түрді. Сонымен қатар, кеш қонақтарына арнайы сылықтарын табыстап, иықтарына шапан жапты.
Ақындар жиналған жастарға ізгі ойларын айтып, қаламдарынан туған өлеңдерін оқыды. Ақындардың өлеңдерін оқырмандар жатқа айтып, әдебиетке қызығушылықтың жоғары екенін көрсетті. Рухани кештің тізгінін ақын Айдар Сейдәзім ұстады. Кешті Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, Балалар жазушысы Бердалы Рысбеков, ақын-аудармашы Робия Дустанованың қорытынды сөзімен аяқталды.