Полицейлер боранда қалып қойған 3 жүкті әйелді ауруханаға жеткізді

54

Кеше түнде Түркістан облысында бұрқасын жел тұрып, мыңға тарта тұрғын жолда қалып қойған. Оларды төтенше жағдай қызметкерлері мен полицейлер жақын маңдағы ауылдар мен ауруханаға жеткізіпті. Сонымен қатар өңірде маңызы бар 9 автожол жабылды. Әзірге мамандар тұрғындарды сапарға шықпауға шақырады.

Кеше Түркістан облысында қалың қар түсіп, түнгі уақытта қатты боран тұрды. Салдарынан өңірде жолға шыққан мыңға тарта тұрғын бағытынан адасып, аязда қалып қойған. Оларға жақын маңдағы төтенше жағдайлар бөлімі қызметкерлері мен полицейлер көмек көрсетіпті. Ал боранда діттеген жеріне жете алмаған 3 жүкті әйел Састөбе ауылдық ауруханасына жеткізілген.

«Сайрам ауданынан Түлкібасқа жолға шығып едім. 3 адамбыз. Бұрқасын тұрып, көзіміз көрмей жолдан адасып шығып кеттік. 1 сағаттай адасып жүрдік. Сонсоң көмек сұрауға полицияға хабарласып едік. Тез арада бізді тауып алып кетті. Міне енді үйімізге қайтайын деп жатырмыз» дейді Түркістан облысының тұрғыны.

12 желтоқсанда бұрқасын желдің әсерінен Бәйдібек пен Түлкібас аудандарының аумағы және республикалық маңызы бар жолдар жабылды. Сонымен қатар «Хоргос–Алматы–Тараз–Шымкент–Ташкент» бағытында 3 бекет қойылды.

«Кеше Түркістан облысында кешкі сағат 21:00 шамасында таулы аймақтарда және Бәйдібек ауданында бұрқасын жел басталып, аяз болды. Сондықтан 9 облыстық маңызы бар автомобиль жолдары және 1 республикалық маңызы бар жол жабылды. Қазір республикалық маңызы бар жолда 310-нан аса жүк көлігі жолда тұр» – дейді Түркістан облысы ТЖД төтенше жағдайларды жою басқармасының бастығы Талғат Досалиев.

Мамандардың сөзінше әзірге боран басылған жоқ. Сондықтан төтеншеліктер Түркістан облысы тұрғындарын сапарға шықпауға шақырады.