Қазақ байлары және «Қазақшылдар» ұйымы

36

Советтік биліктің қысымшылығы мен зорлық-зомбылығына қарсы жер-жерден бой көрсеткен қарсылықтар «Қазақстанда қуғын-сүргінге қарсы болып өткен 372 көтеріліс» деген атаумен белгілі болып, Президент жарлығымен құрылған Мемлекеттік комиссияның арнайы бір бағытының зерттеу нысанына айналған. Өйткені, көтерілістер халық наразылығының соңғы түрі, ақырғы нүктесі. Болмысынан биязы мінезді, қойдан қоңыр халықтың ашу-ызаға булыға, қару алып қарсыластыққа шығуы үшін аса бір үлкен нәубеттік сипаттағы қиыншылықтардың туындауы, яғни, бұлтартпас тарихи алғышарттар қажет болатын. Нақ осындай жағдайлар «Созақ көтерілісі», «Бостандық көтерілісі» және тағы да басқалары сияқты көтерілістердің басталуына себеп болғандығы белгілі.

Дегенмен, сипаты жағынан белгілі-бір елді-мекендерді тұтастай қамтыған аса бір үлкен көтерілістік сипат алмаса да, сол кездегі қазақ қоғамындағы жастардың ұлтқа қарсы жасалып жатқан қиянатқа қарсы бұлқынысты баскөтерулерінің бірі – өз ұранын «Алаш» әділетті ұйымының бірлігі жасасын!» деп көтерген «Қазақшылдар» тобының 1928 жылғы күресі .

«Қазақшылдар» тобы туралы мәлімет Қазақстан тарихы оқулықтарында немесе басқа да зерттеулерде мүлдем қарастырылмағандығы анықталды. Шетелдік зерттеулер ішінде Түркия мемлекетінің тарихшыларының симпозумдары материалдарына сілтемеден «Қазақшылдар» тобы туралы деректің бар екені интернет сілтемесінен байқалғанымен, мақалалар жинағы мазмұнынан толық мәліметтер кездескен жоқ.

Осыған байланысты, Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі комиссия құрамындағы архивтік зерттеу барысында Түркістан облыстық саяси архивінің қорларынан табылған «Обвинительное заключение по делу группы «Казакшильдер». 7 июня 1928 года» атты іс мазмұны арқылы Қазақстан қуғын-сүргінге ұшырау тарихының осы бір ақтаңдаққа айналған тұсына алғаш рет ғылыми-тарихи талдау жасау, оны ғылыми айналысқа енгізу, сондай-ақ, болашақта мерзімдік баспасөз беттерінде қалың оқырман – Қазақстан жұртшылығының назарына ұсыну мүмкін болып отыр.

«Қазақшылдар» тобы сол кезеңде оқыған, көзі ашық, тіпті биліктің партиясының құрамына кірген жастар екендігін архив қорларында сақталған айыптау құжатынан, нақты айтқанда, ОГПУ-дың округтік бөлімінің бастығы Журавлев пен әскери округ бастығы Саенконың Сыр-Дария губерниялық комитетінің жауапты хатшысы Фоминге 1928 жылғы 7-ші маусымдағы «Аса құпия» деген белгі салған ресми есеп беру хатында көрсетілгендей, контрревоюциялық топ мүшелерінің барлығын ВКП(б) және ВЛКСМ мүшелігінен шығару туралы жасаған сұранысынан біле аламыз [3].

Топтың негізгі ұйымдастырушысы мен жетекшісі Достанов Еңсеп екендігін «Айыптау қорытындысы» атты құжаттағы тізімнің ең басында, аты-жөнінің бірінші кезекте жазылуынан аңғаруымызға болады. Бұл болжал іспен онан әрмен таныса бастаған кезде, Еңсептің өзі іздеп келіп қонып отырған үйінде Шымкентке Қазалы жақтан не үшін келгенін түсіндірген кезде сөздері арқылы да дұрыс екендігі айқындала түседі [4]. Сыр-Дарья губерниясы Қазалы уезінің Қамбаш болыстығының №1 ауылында дүниеге келген Еңсептің жасы тұтқынға алынған 1928 жылы 23-ке келген екен. Құжат оған сипаттама берген кезде сауатты, ВКП(б) мүшесі, бұрын сотталмаған деген деректермен ғана шектелген.

Ұйымның екінші мүшесі – 21 жастағы Бітімбаев Әбдірахман туралы ерекше айтып кету керек. Сауатты, комсомол мүшесі, үйленбеген, Қазалы қаласының қазағы қылмыстық кодекстің 73-ші бабы бойынша 1928 ж. (айы белгісіз) сотталған қызметкер екен. Ұйым ісімен ұсталған кезеңде жұмыссыз болған.

Келесі мүше Әулие-Ата уезі Қарабәкір болысына қарасты №7 ауылдың қазағы, әлі шаңырақ көтеріп үлгермеген батрақ-комсомол, 21 жасар ғана Манасбаев Қошқарәлі Шымкент қаласында ауылшаруашылық техникумында оқып жүрген кезінде осы топқа қосылған екен.

Онымен бір оқу орнында оқып жүрген 22 жастағы Молдабеков Мәулен Түркістан уезі Шілік болысына қарасты №6 ауылдан келген комсомол қатарына өткен батрақ. Қошқарәліден кейін тізімде жазылып тұрғанына қарағанда оның осы ұйымға да сол Манасбаев Қошқарәлі арқылы келгені байқалады.

«Қазақшылдармен» бірге сотталғандар арасында тізімде есімі кездескен Жүзбаев Абдулла Ташкент-Өзбек «Түзел» аулынан Сырдарья губерниясының орталығы – Шымкент қаласына келіп дәріханада көмекші болып істеп жүрген кедей диханның баласы, үйленбеген, сауат ашқан комсомол мүшесі, бұрын советтік сот жүйесіне ешқандай іспен түспеген азамат болған екен.

Сондай-ақ, Қызылорда уезі Қараөзек болысына қарасты №2 ауылдың қазағы, 22 жастағы үйленбеген, жалдамалы жұмысшы-қолөнерші отбасынан шыққан, сауатты Досанов Қалыкөз комсомол мүшелігіне өтіп, губерниялық соттың азаматтық бөлімінің хатшысы қызметін атқарып жүрген жерінен «Қазақшылдар» қоғамының ісімен сотты болғандығы құжаттар мәліметінен белгілі болды [6].

Бағдарламаның мәтініне келер болсақ – интернет өрісінен аңдаған бірқатар беймәлім зерттеушілер көрсеткендей – оның тақырыбының «Алашорда» қайраткері, ақиық ақын Міржақып Дулатовтың «Оян, қазақ» атты өлеңінің тақырыбымен бірдей етіп алуының өзінде үлкен мән бар екенін аңғарамыз.

Бағдарлама советтік жүйенің 11 жылдық басқару нәтижесіне баға береді, Қазақстанның жаңа отарлық жағдайын және Ресей империясы кезіндегі саясатының жалғастырылып келе жатқандығын нақ осы жағдайды қазақтардың өздеріне «қазақтардың еңбекшілері өздеріне жоба әзірледі ме? Жоқ!» деп жауап бере отырып, сұрап алмағандығымен; барлық жерлердегі жергілікті және жоғарғы билік орындарында «озық авнтюрист қарақшылар» отырғандығымен; оқу орындарының орыс мәдениетін насихаттау арқылы орысшылдарды тәрбиелеу орындарына айналғандығымен дәлелдейді және ақыр соңында Батыс Қазақстанда шақырылған Кеңестер съезінде орыстарсыз қазақтар ​​ешқашан мәдени дами алмайтындығы, сондықтан олар жерсіз орыстарды Қазақстанға көшіріп, қазақтардың ең жақсы жерлерін солардың пайдалануына беруді қажет деп тапқан фактісімен дәлелдейді және өздері «авантюристер» деп атаған орыс саясатындағы басты міндеттердің бірі деп есептеген.

Үндеу-бағдарламаның 2-ші пунктіндегі «Дүниежүзілік революцияның негізі, авангардына айналу мақсатымен олар Қазақстаннан астықты сыпырып тартып алу науқандарын жүргізуде», – деп, болып жатқан, қазақ қоғамына ауыр соққы болып тиген «астық дайындау» науқанына «Қазақшылдардың» берген бағасының шынайылығын келесі «Список судейских бригад, посланных в аулы для разбора дел по хлебозаготовкам» деп аталатын советтік есептік құжат та толық дәлелдеп тұр. Ол тізімде әрбір астық дайындайтын ауылға 1 сот, 1 тергеуші-милиционерден жіберілгендігін көре аламыз.

Соттар мен милициялардан өзге, жергілікті халықтыың астығын советтік билік үшін тартып алып беру жұмысына барлығы – 105 ВКП(б) мүшесінің Бадам ауданының 1, 2, 4-10, 12, 13, 17-28-ші ауылдарына жіберілгендігін көре аламыз.

Санамалай келгенде, 105 партия мүшесінің советтік билік үшін астық дайындау науқанын «ойдағыдай» өткізу үшін бас-аяғы 18 ауылға барғандығы және оның үстіне олардың сот және тергеушілер корпусымен күшейтілгендігінен қазақ ауылдарының соғыс жағдайында жау тылында қалғандай күй кешкендігін, ақырғы күнкөрісінен де «кедейлерге дос» бетпердесін таққан советтік биліктің айырғандығын көре аламыз. Кейін ВКП(б)-ның өзі «Асыра сілтеу» деп баға берген бұл сорақылықтың жастардың бұлқынысын туындатпай қоймайтындығы белгілі.

Міржақып Дулатовтың отты өлеңі советтік-коммунистік билікке қарсылық ой-пікірдің идеологиялық негізі ретінде қызмет атқарғандығымен қоса-қабат, қоғам санасында сол кезеңде қалыптасып келе жатқан сол қарсылықтың ұштала келіп, Шымкент қаласының жастарын да бей-жай қалдырмағандығын, олар ұйымдастырған «Қазақшылдар» тобының жұмысынан көреміз. «Обвинительное заключение» деп аталған құжат мәтінінен «Қазақшылдар» тобында әрекет жасағандардың барлығы РСФСР мемлекетінің «Қылмыстық кодексінің» 58/10 бабының 2-ші бөлігімен айыпталып сотталғандығы туралы мәлімет бар.

Ал, нақ осы «Қазақшылдар» тобының мүшелеріне кесілген айыптау жазасы бабының мәтініне келер болсақ, онда: «Вооруженное восстание или вторжение в контрреволюционных целях на советскую территорию вооруженных банд, захват власти в центре или на местах в тех же целях и, в частности, с целью насильственно отторгнуть от Союза ССР и отдельной союзной республики какую-либо часть ее территории или расторгнуть заключенные Союзом ССР с иностранными государствами договоры, влекут за собой высшую меру социальной защиты расстрел или объявление врагом трудящихся с конфискацией имущества и с лишением гражданства союзной республики и, тем самым, гражданства Союза ССР и изгнанием из пределов Союза ССР навсегда, с допущением, при смягчающих обстоятельствах, понижения до лишения свободы на срок не ниже трех лет, с конфискацией всего или части имущества [6 июня 1927 г. (СУ № 49, ст. 330)], – деп көрсетілген.

Осындай ауыр айыптауға ұшырайтындай, небәрі 21-23 жас аралығындағы бас-аяғы 6 жас жігіттің советтік билікке соншалықты қандай қауіп келтіргендігі туралы материалдарды іздестіріп, архив құжаттарына үңілгенімізде, шын мәнінде келгенде, соншалықты ауыр іс-қимылдар жасалмағандығына куә боламыз. Ендеше, құжат куәлігіне кезек берер болсақ, Достанов 1928 жылдың сәуір айында Шымкентте тұрып жатқан Битімбаев, Досанов, Жүзбаевтардың Базар көшесі, 69-шы үйдегі пәтеріне келеді. Әңгіме барысында, Достанов өзі арнайы «Қазақшылдар» ұйымының атынан келгендігін, сөйтіп Шымкентте астыртын жұмыс жүргізу туралы ойы бар екенін жеткізеді. Құжат материалының көрсетуі бойынша осы әңгіме кезінде ауылшаруашылық техникумында оқитын Молдабеков Мәулен пен Манасбаев Қошқарәлі де осы пәтерде болған екен. Достанов Еңсеп қазақ халқына ең алдымен «Қазақшылдар» ұйымының атынан үндеу жазу керек екендігін түсіндіреді де, жиналған жастар бұл іске кірісіп те кетеді. Үндеу мәтінін Достанов Еңсеп пен Бітімбаев Әбдірахман айтып тұрған екен де, ал, студент бала Манасбаев Қошқарәлі оны қағаз бетіне түсірген. Үндеу жазылып болғаннан кейін оны Бітімбаев Әбдірахман қайтадан қарап, жөндеп шығады. Үндеу жазылып жатқан кезде олардың жанында Жүзбаев Абдолла да болғандығы туралы архив дерегі айғақ берді. Сөйтіп, жазылып дайындалған үндеу мәтіні 5-6 дана етіп көшірілген де, 6-сынан 7-ші мамырға қараған түнде оны Шымкент қаласындағы губерниялық атқару комитетінің, губзу, еңбек бөлімі, губерниялық сот үйі, уездік атқару комитетінің, қалалық дәріхананың витриналарына Достанов Еңсеп, Манасбаев Қошқарәлі, Молдабеков Мәулен үшеуі жапсырып шыққан! Советтік тергеу орындары тіпті оған қай дүкеннен сатып алынғандығы, оны сатып алу үшін қаражат қайдан табылғандығына дейін анықтаған.

Ендеше, тұрақты және жоспарлы жұмыс жасаған ұйымның болмағаны, алайда, азулы биліктің алдында қауқарсыз, өрімдей жастардан енді ғана құрала бастаған осы бір шағын ғана топтың жасындай жарқырап, елінің қамын ойлап, топ алдына шыққандығы туралы ғана қорытынды жасауға болатындығы туралы осыдан сонау үш жыл бұрын Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі Мемлекеттік комиссияның жұмыс істеген 2021 жылы тұжырымды айтқан болатынбыз. Бұл туралы мақала сол жылғы Жұмыс тобының дербес кітап түрінде жарыққа шығарылған «Оңтүстіктегі саяси қуғын-сүргін: тауқіметті тағдырлар» атты мақалалар жинағында жарық та көрді.

Осы жастардың ақталуы туралы мәліметті https://ru.openlist.wiki/ парағынан іздестіру жұмысы туралы қысқаша мәлімет беріп өтпекпіз. Достанов Еңсеп Жарылғапұлының, Молдабеков Мәуленнің, Жүзбаев Абдолла Тастанбекұлының ақталғандығы мәлім болды. Ал, аталған сайт базасынан Досанов Халикуз, Битимбаев Абдурахман, Манасбаев Қошқарали туралы ешқандай мәлімет табылмағандығы белгілі болып отыр. Болашақтағы ізденіс осы соңғы үш тұлғаның тағдырын қарастыруға байланысты болмақ.

Дегенмен, араға үш жыл салып оңтүстік өңірінің қазақ байларының арасынан да осы «Қазақшылдар» тобымен байланысы бар екенігі архив құжаттарынан табылды. Әңгіме ОГПУ коллегиясы «контрреволюцияшыл» деген айып тағып Оңтүстік Оралға жер аударған Бадам ауданының №14 аулының ишаны Балпиков Ниязбектің баласы Балпиков Сағатбек турасында болмақ.

Әкесімен бірлесе отырып Сағатбек өз ауылында комсомол ұяшығын ашып, ол жерде өзі хатшы болады да, коммунистерге қарсы күресті олардың өздерінің жүйесінің ішінде жүргізе бастайды. Осылайша, өзін бай, ишан Балпиков Ниязбектің баласы емес, немере ағайыны деп көрсете отырып, Сағатбек Ниязбеков деген фамилиясын Балпиков деп өзгертіп, өзін байдың батырағы деп көрсетіп ауылшаруашылық техникумының комсомол ұяшығымен байланыс орнатады. Олардың топтық жиналыстарына белсенді қатысады. Мәскеу қаласына ОГПУ-дың бас кеңсесіне әкесіне жабылған жала екенін дәлелдеп, бірнеше жүз адам қол қойған өтініш хатын жіберген. Олардың арасында коммунистер де бар екен. Өзінің қолында екі жүздей ірі қарасы, алты мың бас ұсақ малы бар, ал әкесін советтік билік Оралға жер аударып жіберген 20 жасар жас жігіттің бұл әрекеті – әрине, намысты қолдан бермей, әке үшін, елдің дәстүрін сақтау үшін жасаған бұлқынысын қазақ қоғамының күшті жаудың алдындағы соңғы жанталасы деп түйсінеміз. Өйткені, осыдан кейін Сағатбек те 58-ші баптың қармағына түсіп кете барды. Әкеден алтау туған осы құрбанның бұл күнге дейін аман-есен жеткен ұрпақтары, немесе туысқандары болса – естелік беруге шақырамыз.

Г.Жанысбекова,

Шымкент өңірлік саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі комиссиясының Жұмыс тобының жетекшісі,

М.Әуезов атындағы ОҚУ «Тұлға дамыту және ҚХА» орталығының басшысы, тарих ғылымдарының кандидаты

Ж.Әшим,

зерттеуші, тарих магистрі

26.11.2023 ж.

/бұл мақала Ontustik Rabat газетінің

2023 жылғы 7 желтоқсанда шыққан №49 санында жарияланды/