Шымкентте қызылша дерті дендеп барады

43

Елімізде қызылшамен ауыратындар саны артып барады. Ал Шымкент қаласы сырқаттану көрсеткіші бойынша көш бастады. Сондықтан желтоқсан айында қосымша вакцинациялау басталады. Мамандар бұл дертпен күресудің негізгі жолы екенін жеткізді.

Елімізде жыл басынан бері 17 мың қазақстандық қызылшаға шалдыққан. Науқастанғандардың 80 пайыздан астамы балалар. Көрсеткіш бойынша Шымкент қаласы көш бастап тұр. Мегаполисте 3000-нан астам адам қызылшамен ауырды, оның ішінде 14-і университет, 9-ы колледж студенті. Мамандар аурудың кенеттен өршуін ата-аналардың екпеден бас тартуымен байланыстырады.

«1 жасқа дейінгі балалар арасында 449 жағдай тіркеліп, 14,8%-ды құрап отыр. 1-4 жас аралығындағы  1605 бала ауырып, 53,1%-ды құрады. Яғни, ауырғандардың жартысы осы мектепке дейінгі балалар. 5-9 жас аралығындағы 370 бала ауырып, 12,2 пайызды құрады. Ал 20 жастан жоғары 362 адам ауырып, 12%-ды құрап отыр. Басым бөлігі пандемия кезінде жоспарлы вакцинаны алмай қалған балалар. Науқастанғандардың 85 пайызы 14 жасқа дейінгі балалар болса, соның ішінде екпе алмағаны 80-88 пайыз болып тұр» – дейді Шымкент қалалық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Айгүл Тұрымбетова.

Қызылшаның негізгі белгілері: денеге бөртпе шығып, қызу 38-40 градусқа дейін көтеріледі. Сонымен қатар  әлсіздік, тәбеттің болмауы, құрғақ жөтел, мұрынның бітуі мен ағуы сезіледі. Бұл дерттің соңы пневмония, менингит немесе энцефалитке алып келуі мүмкін. Сондықтан дәрігерлер аурудың алдын алу маңызды екенін жеткізді.

«Инфекциялық ауруханаға түсіп жатқандардың 88 пайызы өз кезегінде жоспарлы иммундау алмаған. Қарсы болғандармен жұмыс жасап, 34%-ы бүгінге дейін егілді. Вакцина қоры қала бойынша жеткілікті. Оған қоса 15 желтоқсанда қалаға 83 мыңнан аса доза вакцина келеді» – дейді Шымкент қаласы денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Сәуле Дүйсенбаева.

Ақ қалаттылар кей тұрғындардың вакцинадан діни сенімге байланысты бас тартатынын айтады. Ал дін өкілдері екпеге ешқайда тыйым салынбағанын жеткізді. Керісінше исламда әрбір адамның өмірі мен денсаулығына дұрыс күтім жасауды, аурудың алдын алу жолдарын іздеуді міндеттейтін көрінеді.

«Дәрігерлер аурудың өршіп жатқаны жайында дабыл қағып жатыр. Біз де оларға өз көмегімізді тигізіп, насихаттау жұмысын жүзгізудеміз. Себебі өткен ғасырда вакцина деген сөз болмаса да, денсаулыққа аса мән беру жайында нақты айтылған. Сондықтан бұл жерде дін екпеге қарсы деген сөз болмайды»-дейді Шымкент қаласының бас имамы Бақдаулет Әбдірахманов.

Сырқаттану дәрежесі бойынша қызыл аймаққа Шымкентен бөлек Алматы, Жамбыл, Қызылорда, Маңғыстау мен Ақтөбе облыстары кірген. Сондықтан елімізде екі жастан бес жасқа дейінгі балаларды, медицина қызметкерлері және вакцинациядан қалып қойған кәмелетке толмағандарға екпе салу кезеңі басталды. Жауапты мамандардың сөзінше, 20 жастанқандар үшін қосымша екпе алу денсаулығына ешқандай зиян келдірмейді.

(Фото: elements.envato.com)