Шымкенттік жастар зорлық-зомбылыққа қарсы

25

Енді зорлық-зомбылық жағдайына жәбірленуші ғана емес, оқиғаның куәгерлері де шағымдана алады. Яғни, сіз зорлық-зомбылықтың куәсі болсаңыз бірден 102 арнасына хабарлауыңызға болады. Осы орайда шымкенттік жастар «Біз зорлық зомбылыққа қарсымыз» деген жазуы бар қағаздарды көтеріп, Әл-Фараби алаңында флешмоб өткізді. 

Енді зорлық-зомбылық жағдайы тек жәбірленушінің шағымы арқылы қаралмайды. Заңдағы кейбір өзгерістерге байланысты, оны аталған жайттың куәгерлері де хабарлай алады. Полиция қызметкерлері Шымкентте жыл басынан бері 102 арнасына 3-мыңға жуық зорлық-зомбылық арыз-шағымы түскенін айтады.

«1 шілдеден бастап, заңның өзгеруіне байланысты арыз сипатынан анықтау сипатына көштік. Бұрындары тек қана жәбірленушінің арыз-шағымы негізінде ғана шағымдар алынған болса, қазіргі анықтау сипатында да қаралады. Яғни, қоғамның оған көрші-қолаң, өтіп бара жатқан адам үйлерінде жанжал туындап жатқанын естіген болса, 102 арнасына немесе 111 және 150 қауырт желісі арқылы шағым бере алады.Біздің учаскелік полиция инспекторларының анықтауымен 67 тұлға анықталып, оларға жаза қолданылды»,-  дейді Шымкент қаласы ПД жергілікті полиция қызмет басқармасы әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау тобының аға инспекторы Жаңыл Спанова.

«Біз зорлық-зомбылыққа қарсымыз!». Осындай ұранмен шымкенттік жастар Әл-Фараби алаңында флэшмоб өткізді. Аталған шара «Зорлық зомбылыққа қарсы 16 күн» акциясы аясында өтті. Жиналғандар қатарында іскер әйелдер кеңесінің төрайымы Алма Арқабаева да болды. Ол зорлық-зомбылықтың алдын алу үшін, нәзік жандылар өзіне көрсетілген қысымға дер кезінде «жоқ» деп айта алу керек дейді.

«О бастан жігітімізге “жоқ” деп, бетін қайтарсақ, онда біздің ерлер де түсінеді. Біз өзіміз бірінші рет сондай жағдай орын алғанда көзімізді жұмып, шыдасақ, ол өмір бойы жалғасады. Менің жасым 56-да, менің соған көзім жетті. Бәрі өзімізден басталады» ,- дейді ОҚО Іскер әйелдер кеңесінің төрайымы Алма Арқабаева.

Айта кетейік, аталған акция 25 қараша мен 10 желтоқсан аралығында өтеді.
Полиция қызметкерлері тұрғындар арасында зорлық-зомбылыққа қарсы профилактикалық жұмыстардың күшейтілігенін айтады.