«Түркістандағы былықтар»: Мәжілісмендер Премьер-министр мен Бас прокурорға үндеу жолдады

339

Парламент Мәжілісінің депутаттары Ринат Заитов пен Мақсат Толықбай Премьер-министр Әлихан Смайылов пен Бас прокурор Берік Асыловтың атына ашық үндеу жолдады. Халық қалаулылары өз сөздерінде Түркістан облысындағы жергілікті органдардың күмәнді әрекеттерін тізіп шыққан.

Үндеудің видео нұқсасын депутаттар желі парақшаларында жариялады. Мәжілісмендердің айтуынша, көпшілік арыз түсірген соң олар мән-жайды өз көздерімен көру үшін Түркістан қаласына арнайы келіп кеткен. Мәселен, киелі шаһардағы неке сарайына тоқталсақ…

«Түркістан қаласындағы аумағы 2100 шаршы метр болатын неке сарайын 2021 жылы жекенің жемсауы еткен. Жемсау емей немене? Егер кәсіпкер басқаруындағы нысаннан былтыр бюджетке 15 мың теңге аударса? 15 млн емес, 15 мың теңге! Ал талап бойынша ол (нысанды сенімгерілік басқаруға алған: авт)  табысының кем дегенде 50 процентін қазынаға құюға міндетті еді. Сонда неке сарайының ішіндегі қызмет көрсететін сұлулық салондары, той ұйымдастыру орталығы, фото-видео студиялар, дәріханалардың барлығы жабылып бір жылда 30 мың теңге пайда тапты дегенге кім сенеді? Тексеру керек деп ойлаймыз»,-дейді депутаттар.

Сондай-ақ мәжілісмендер ұсынған мәліметінше, ЮНЕСКО клубының құрамында тұрған жүздеген баланы тәрбиелеп отырған жалғыз қолөнершілер мектебі мейрамханаға айналып кеткен. Қас шеберлер қазір қаңғып далада жүр.

Дәл соған ұқсас қазақ шеберлерінің көрнекті көрмесіне айналады деген «Визит» орталығының айналасында да қазір үлкен дау шығыпты. Жекешеленген нысан айқай-шудан кейін қайта мемлекет балансына өткен. Бірақ сол орталықтың өзін мемлекет сенімгерден млн-даған теңге коммуналдық қарызымен қайтарып алған екен.

Ринат Заитовтың айтуынша, ауданы 3145 шаршы метр болатын «Шығыс» моншасы да 2020 жылы жекенің басқаруына өткен. Сыйымдылығы — 90 адам.

«Күніне кемінде 90 адамнан қабылдайтын моншадан жылына қанша теңге пайда болатынын есептеу үшін асқан математик болдың қажеті шамалы»,-дейді ол.

Депутат Мақсат Толықбайдың дерегінше, «Шығыс» моншасы 2022 жылы табыстың 50 проценті ретінде жергілікті бюджетке небәрі 557 мың теңге аударған.

«Түркі әлемінің мәдени астанасы болған шаһарда мәдениет үйі де сатылып кеткен. Ішін тойханаға айналдырған. Ал қазіргі мәдениет үйі отырған жерді көрсең қарның ашып, қадірің қашады. Ескі ғимаратта отыр. Міне, біздің мәдениетіміз. Сосын анау-мынау емес, Түркістан қаласының әкімдігі отырған төрт қабатты ғимаратты жөндеуге 257 млн теңге бөлінеді де, артынша ол ғимарат та жекеге сатылып кетеді. Панасыз қалған Түркістан қаласының әкімі бүкіл нөкерлерін ертіп, ескі мұражайды паналайды. Өйткені қалада жаңа музей бой көтеруі керек болған»,-дейді халық қалаулылары.

Ең қызығы, 2020 жылы «Самұрық Қазына» АҚ еншілес компания Түркістанға сыйға тартқан «Ясауи» мұражайы әлі күнге дейін бірде-бір қонақ қабылдамапты.

«Аты дардай мұражайдың қазір заты бордай тозған. Қабырғалары қопсып жатыр.  Сөйте тұра музейдің құрылысына 3,3 млрд теңге жұмсалған. Мұны да жіті тексеріңіздер»,-дейді депутаттар.

Әлеуметтік желі арқылы ашық үндеу жолдаған мәжілісмендер Бас прокуратура арнайы өкілдерін жіберіп, Түркістанда кешенді тексерулер жүргізуін сұрайды.

Еске сала кетейік, Түркістан облысын 2019 жылдың 26 ақпанынан 2022 жылдың 31 тамызына дейін Өмірзақ Шөкеев басқарды. Ол кезінде өзі тағайындаған Кентау қаласының әкімі Дәурен Мақажанов істі болып, үкім заңды күшіне енген соң отставкаға кету туралы өтініш жазып, өз еркімен жұмыстан босатылды.

Ал Түркістан қаласына 2019 жылдың шілде мен 2021 жылдың маусымы аралығында Рашид Аюпов әкім болды. Экс-шенеунік биыл тамыз айында Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының үкімімен 10 жылға сотталған болатын.

2021 жылдың маусым айынан бері осы күнге дейін Түркістан қаласы лауазымын Нұрбол Тұрашбеков атқарып келеді.