Жарты миллионға жуық адам хабарласқан

24

Жедел басқару орталығының мәліметінше жыл басынан бері полицияның «102» арнасына 450 мыңнан астам қоңырау түскен.

Бұған қоса, қала аумағында орнатылған 11 600 бейнебақылау камерасының көмегімен 461 қылмыс ашылса, әкімшілік құқық бұзушылыққа жол берген 57 мыңға жуық жайт анықталып, кінәлілер жауапкершілікке тартылды.
– Орталықтың аты айтып тұрғандай біздің жұмыс шапшаңдықты, тез шешім қабылдауды, жауапкершілік пен тиянақтылықты қажет етеді. Әр қоңырау түскен сайын санамда « аманшылық болса екен» деген ой тұрады. Өйткені, бізге жолдан адасқан қала қонақтарынан бастап, қылмыстың құрбаны болған азаматтарға дейін қоңырау соғып көмек сұрайды. Абдырап тұрған адам бізге сенім артып хабарласқан соң, қолымыздан келгенше жедел әрі нәтижелі көмек көрсету біздің басты міндетіміз – дейді жылдың үздік «102» операторы Нұрлан Бекжанов.
Айта кетейік, алдағы мерекеде жедел басқару орталығының қызметкерлері демалыссыз өз қызметін жалғастыратын болады. Полицияның «102» арнасы тәулік бойы үздіксіз байланыста.