2029 жылға дейін жалпы ішкі өнім көлемі екі есе өсуі керек

9

Шымкент жылдан жылға көркейіп, халықтың әл-ауқаты артып келеді. Осылай деген аға буын өкілдері бұл бағытта кәспкерлер еңбегі зор дейді.

2029 жылға дейін ішкі өнімді екі есеге өсіру керек. Бұл туралы мемлекет басшысының тапсырмасында айтылған. Еңбек ардагері Әбілқасым Досболов бұл мақсатта жергілікті кәсіпкерлер белсенді болу керек екенін айтты.

Әбілқасым Досболов, Еңбек ардагері: «Мемлекет басшысы үкімет, жергілікті әкімшілікке үлкен мақсат қойып отыр: 2029 жылға дейін жалпы ішкі өнімді екі есе өсіру. Оған қалай жетеміз. Инвестиция  тарту арқылы. Ол оңай шаруа емес. Қыруар жұмысты талап етеді. Инвестиция тарту бойынша Шымкент қаласы республикада  көш басында»

Әбілқасым Досболов қаланың өндіріс көлемін ұлғайту керек екенін де атап өтті. Қалалық кәсіпкерлік, индустриалды және инновациялық басқармасының мәліметінше 867 гектар аумақты құрайтын 5 жаңа өндіріс аймағын құру жұмысы жүріп жатыр. Бұл қаланың өндіріс көлемін ұлғайтуға мүмкіндік береді.

Әбілқасым Досболов, Еңбек ардагері: «Әкімдік  тарапынан Түрік компаниясымен 500 гектар жерге заманауи жылыжай кешенін салу туралы меморандумға қол қойылды, ол ауданы бойынша еліміздегі ең ірісі болады. Жоба 5 мыңнан астам жұмыс орнын ашып, өңірдегі азық-түлік тапшылығы мен қолжетімділігін толығымен шешеді, сонымен қатар ауыл шаруашылығы өнімдерін экспорттау әлеуетін арттырады».

Маңызды мәселелердің бірі – әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағасын қадағалауда ұстау. Бағаны тұрақтандыру мақсатында Шымкенттегі 100-ге жуық сауда орнында ең қажетті азық-түлік бағасы нарықтан 10-15%-ға төмен сатылып жатыр. Әр демалыс күндері қала аумағындағы 8 нүктеде ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесі тұрақты түрде ұйымдастырылып келеді. Бұл да тұрғындардың қолжетімді бағада азық-түлік алуына көмек болады дейді еңбек ардагері.

Заман талабына сай ет, сүт өнімдерін терең өңдеуге көшу қажет. Шағын фермалардың басын біріктіріп ірілендіру арқылы ет тапшылығын, оның сапасын, бағаны тұрақтандыру мәселесін шешуге болады. «Шымкентқұс» ЖШС құрылтайшысы, еңбек ардагері Әбілқасым Досболов кәсіпкерліктің дамуы-экономикалық дамудың кепілі дейді.

Әбілқасым Досболов: «Кәсібін дөңгелетемін деген азаматтарға бұрын бес млн. берсе, қазір он  млн. береді. Ізденіп жүрген, жұмыс таба алмай жүрген, азаматтар мен азаматшалар болса,осыны пайдаланса өте дұрыс болады. Екіншіден, 7 пайызбен банктер несие береді. Оның ішінде Әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы 7 пайыздың 6 пайызын жабады. Тағы 1 пайызға түседі. Осы жерде айтатын мәселе, көп жағдайларда көп азаматтар осындай жеңілдіктер  жайлы естімеген,  хабарсыз . Басқармадағылар, жауапты мекемелер БАҚ арқылы халықты ақпараттандырса деген ұсынысым бар»

Қалалық қоғамдық кеңестің мүшесі Әбілқасым Досболов жергілікті билік қала дамуына тиімді жобаны қолдауға дайын екенін жеткізді.