Айқапта кәріз жүйесін жүргізу үшін 1,2 млрд. теңге қаралған

Қаңтар айында Айқап шағынауданының тұрғындары қала әкімінен кәріз жүйесі мәселесін шешіп беруін сұраған еді. Ғабит Сыздықбеков құрылыс жұмыстары көктемде басталатынын мәлімдеген. Алайда, жұмыс әлі басталған жоқ. Салаға жауаптылар құрылыс үшін 1,2 млрд. теңге қаралғанын айтады. 

Тұрғындардың өзекті мәселесіне айналған Айқап шағынауданындағы кәріз жүйесінің құрылысы әлі басталған жоқ. Қала әкімі Ғабит Сыздықбеков қаңтар айында шағынаудан тұрғындарымен кездесуінде құрылыстың көктемде басталатынын айтқан еді. Бұл жұмысқа 1,2 млрд. теңге бөлініпті.

Мамандардың сөзінше, мемлекеттік сатып алу конкурсы аяқталған. Құрылыс мамыр айында басталмақ. Дегенмен, құрылыс жұмыстары келер жылға өтпелі дейді жауаптылар.

Азат Қайнарұлы, Шымкент қаласы Энергетика және инфрақұрылымды дамыту басқармасы басшысының орынбасары: «БАМ қазір Айқап деген елдімекен. Ол жерде жалпы сомасы 1,2 млрд. теңге. Былтыр 2023 жылы жобалау-сметалық құжаттамасы әзірленген. Биыл 2024 жылға республикалық бюджеттен 500 млн. теңге, жергілікті бюджеттен 50 млн. теңге қаралған. Мемлекеттік сатып алу конкурстарының барлығы аяқталды. Ол жерде техникалық қадағалау қызметі бойынша сот процесі болып, қазіргі таңда шешіліп тұр. Мамыр айында құрылыс жұмыстары басталады. Бірақ айта кететін жайт, құрылыс жұмыстары 1 жылда аяқталмайды, 2024-2025 жылдарға жоспарлап жатырмыз».

Биыл Шымкентте 2 магистралды кәріз коллекторының және 6 ішкі орамдық жүйенің құрылысы жүргізіледі. Оған бюджеттен 12,8 млрд. теңге жоспарланған. Бүгінде құрылыс жұмыстары басталып кетті дейді мамандар.

Жалпы Шымкент қаласында 81 елдімекеннің 25-і кәріз жүйесімен қамтамасыз етілген. Қазіргі таңда қамту деңгейі 65 пайызды құрап отыр. Айта кететін жайт, жауаптылардың сөзінше кәріз жүйесі қаланың тек орталық бөлігінде ғана жүргізілген.