Декларация, мобильді төлем жайлы түсіндіру жұмысы жалғасып жатыр

18

2024 жылы жалпыға бірдей декларациялау жүйесіне кірген азаматтардың ғана мобильді аударымы салықтық бақылауға алынады. Олар жеке кәсіпкерлер мен жұбайылары. Және мемлекеттік қызметшілер, бюджеттік ұйымдардың, квазимемлекеттік сектордың қызметкерлері.

Әл-Фараби ауданы бойынша мемлекеттік кірістер басқармасының мамандары «Айна» базарының саудагерлеріне түсіндіру жұмысын жүргізді. Екінші деңгейлі банк өкілдері кәсіпкерлердің мобильді аударымдар жайлы сұрағына жауап берді.

Төлем бақылау-кассалық аппарат, РОS термина немесе QR-Код арқылы жасалу керек. Жеке кәсіпкер Фарух енді заң аясында жұмыс істейміз дейді.

Фарух, жеке кәсіпкер: «Ия, ашамыз. Енді жеке кәсіпкер ретінде барлығын төлейміз».

Кәсіпкерлер тарапынан қойылған сұрақтың басым бөлігі мобильді аударым жайлы болды. Жеке тұлғалар жақындарына аударым жасайды және қабылдай да алады. Бұл үшін шектеу жоқ. Әрі коммуналды төлем жасау жағынан да мәселе туындамайды.

Нұрсұлтан Қыдыралиев, Әл-Фараби ауданы бойынша мемлекеттік кірістер басқармасы басшысының орынбасары: «Кеше ғана «Ақбар» сауда үйінде жұмыс істейтін жеке кәсіпкерлермен кездестік, бүгін «Айна» базарында, одан кейін  «Қырғы» базардағы жеке  кәсіпкерлермен кездесеміз».

Басқармадағылар қазір түсіндіру жұмысын жүргізуді жалғастырады. Қолма-қол ақшасыз төлемдерді қабылдаудан бас тартса, әкімшілік жауапкершілік көзделген: бірінші рет-ескерту, қайталап бұзған жағдайда — 147 680 теңге (40 АЕК) мөлшерінде айыппұл (ӘҚБтК-нің 194-бабы) төлейді.

Анықтама үшін, Әл-Фараби ауданы бойынша мемлекеттік кірістер басқармасында 24082 жеке кәсіпкер тіркелген.