«Жәй жүріңдер, жігіттер. Шаянның үстінде не деген жол апаты. Сұмдық боп жатыр ғой. Адамдар қырылып жатыр ғой, қарасай. Адамдар өліп жатыр. Мына жақта бір адам өліп жатыр».
Түркістан облысына қарасты Шаян-Екпінді трассасында жол апаты орын алып 3 адам қайтыс болды. ВАЗ және Хюндай автокөлігі бетпе-бет соқтығысқан. Екі машинада барлығы он адам болған. Жоғары жылдамдықта соғысқан көлік апаты салдарынан 3 адам көз жұмды.
Ал жеті адам Бәйдібек аудандық ауруханасына жеткізілген. Оның екеуі жансақтау бөлімінде, тағы екі науқас хирургия бөлімінде ем қабылдап жатыр. Дәрігерлер 19 жастағы жігіттің жағдайы аса ауыр екенін жеткізді. Жол апаты бойынша полиция қызметкерлері тергеу жүргізіп, сараптама тағайындады.
Ерлан Асқаров, Түркістан облысы ПД жергілікті полиция қызметі басқармасы бастығының орынбасары: «Қазіргі уақытта осы факт бойынша тиісті сараптамалар тағайындалды. Бұл оқиғаның барлық мән жайы анықталады. Өз кезегінде Түркістан облысының полицейлері жүргізушілер мен жолаушыларды жол ережесін сақтауға және жолдарда мұқият болуға шақырады».
Гүлдана Дәурен