Кореяда жұмыс істеп келген түркістандық ер адам елге оралған соң өз-өзіне қол салды

386

Оңтүстік Корея елінің бірнеше ірі қаласында құрылыста жұмыс істеп келген Түркістан облысының азаматы елге оралған соң өз-өзіне қол салған. Бұл туралы @korea_komek Instagram (блогер Самат Ахметжанов жүргізетін) парақшасында ақпарат тарады.  

Автордың мәліметінше, ер кісі Корея елінде 4 жыл жұмыс істеп келген. 29 жастағы ер азамат тапқан табысының бәрін әйелінің шотына аударып, елге келген кезде әке-шешесіне үй және көлік сыйлап, тосын сый жасамақ болыпты. Бұл туралы блогерге ауыл ақсақалы айтып берген екен.

«Ал әйелі болса, үйлі болдық және көлік алдым, енді тыныш өмір сүреміз деп күйеуін алдаған. Туған елі мен балаларын сағынған әке Отанға оралған кезде күтпеген жаңалыққа тап болған. Әйелі айтқан үйі де, көлік те оған емес, қайын жұртына бұйырған екен. Әйелі күйеуі тапқан ақшаға інісіне көлік, ал ауылдағы әке-шешесіне Шымкенттен үй алып, туған жақындарының барлық несиесін жапқан. Алынған мүліктің барлығын інісінің атына рәсімдеген» делінген жазбада.

Желідегі жазбаға сүйенсек, марқұм болған ер адамның әйелі алынған дүние мүліктің фото, видеосын күйеуіне дәлел ретінде жіберіп отырған екен. Туған жерге оралған ер азамат ауылдағы қара шаңыраққа барған.

Автордың жазуынша, әйелі және қайын жұртымен сөзге келіп қалған оған өз әке-шешесі де намысына тиетін сөздер айтқан көрінеді. 29 жастағы азамат ұрыс кезінде үйден шығып, мал қорада асылып өлген екен.

«Балаларын құшақтап, сағынышын енді басам деген әкенің денесін ауыл ел болып, жерлеп келді. Өте өкінішті жағдай, бұл мен естіген, жүректі елжіреткен алғашқы жағдай. «Оқырмандарың көп, бұл басқаларға сабақ болсын» деген 67 жастағы ақсақал бұл жағдайды айтып, көзіне жас алды. Марқұм отандасымыздың артында 6 және 4 жастағы екі ұлы қалды» деп жазды автор.

Ал Түркістан облыстық Полиция департаменті желідегі ақпарат толықтай шындыққа сәйкес келмейтінін алға тартты. Ведомство мәліметінше, оқиға өткен жылдың ақпанында болған. Ер адам әйелімен ресми түрде ажырасқан екен. Ол белгілі бір дертке шалдыққан. Ал ата-анасы ешкімге арыз-шағымымыз жоқ деп тәртіп сақшыларына тілхат жазып берген көрінеді.

(Фото: ашық дереккөз)