Шымкент зообағында арыстан үш алан туды

55

Шымкент зообағындағы арыстан үшем туды. Өткен жылы қазанда туған аландар, үш ай бойы бақылауда болған. Бүгін зообақ қызметкерлері кішкентай арыстандарды көпшілікке көрсетті.

Шымкент зообағында үш бірдей алан дүниеге келді. Былтыр 28 қазанда Симба мен Тану атты арыстан жұбынан 2 аталық пен 1 аналық күшік туған. Зообақ қызметкерлері 3 ай бойы аландарды бақылауда ұстаған.

Бағдат Әмзебек, зообақ қызметкері: «Қазіргі уақытта бұлардың жағдайлары бәрі жақсы. Мед қызметкерлер, бөлім қызметкерлері бұлардың жағдайын бақылауда ұстауда. Қазіргі уақытта анасының қасында сүтпен қоректенеді. Алдағы 1-2 айда етпен қоректендіре бастаймыз».

Туған кезде аталықтарының салмағы 5 келі болса, ұрғашы аланның салмағы 4 келі 700 грамм болған екен. Қазір аталық аландардың салмағы 14 ал, аналық аланның салмағы 12 келіден асады. Жыртқыш аң Симбаның жүрегі аналық мейірімге толы. Зообақ қызметкерлерінің айтуынша, арыстан ана балаларын тіпті өз әкесінен де қызғанады.

Бұл үшемдердің есімі әлі қойылмаған. Аландарға қандай ат қояр едіңіз, әлеуметтік желідегі парақшамызға пікір қалдырып кетіңіз