ТЖД жер сілкінісі кезінде мұқтаждық болмағандықтан дабыл жүйесін қоспаған

Шымкент қаласында 2 балдық дүмпу болды. Төтенше жағдайлар департаментінің мамандары дабыл жүйесін мұқтаждық болмағандықтан іске қоспағанын мәлімдеді. Шымкентте жер сілкінісінен зардап шеккендер жоқ. Ал мамандар күштер мен құралдар төтенше жағдайға 100 пайыз дайын дейді.

23 қаңтарға қараған түні Шымкент қаласында 2 балдық дүмпу болды. Жер сілкінісі Алматы қаласынан оңтүстік-шығысқа қарай 264 км жерде эпицентрі Қырғызстан мен Қытай шекарасында тіркелген. Шымкент қаласының төтенше жағдайлар департаменті 112 қызметінен ресми ақпарат келмеген соң, халыққа алдын ала хабарлау мүмкін болмағанын айтады. Дегенмен, үшінші мегаполисте дүмпуден зардап шеккендер жоқ дейді мамандар.

«Аталған жер сілкінісі салдары бойынша Шымкент қаласында сезілу 2 балды құрады. Жалпы тұрғындар тарапынан 112 қызметіне 48 қоңырау түсті дәл осы жер сілкінісі сұрақтарына сәйкес. Алдын ала ақпарат ресми 112 қызметінен келмегеннен кейін, яғни бізде сейсмостанциямыз бар ғой, сейсмостанциядан ақпарат ресми келген жоқ. Егер ақпарат келетін болса, телефон операторлары арқылы, «Дәрмен» қосымшасы арқылы құлақтандыруға дайынбыз. Біз жер сілкінісін тек қана Алматыда орын алған жер сілкінісінен кейін соның салдары бізге жеткенше өте тығыз уақыт болды, сол себепті халықты алдын ала құлақтандыру қолға алынбады», – деді Шымкент қаласы ТЖД бастығының орынбасары Еркін Отарғалымұлы.

Қазақстандықтар қатты жер сілкінісінен үрейленбесе де болады. Сейсмолог мамандар осындай болжам жасап отыр. Сарапшы Мұхтар Хайдаровтың айтуынша, жер сілкінісі циклдік сипатқа ие және қазір әлем 25 жылдық циклды бастан өткеріп жатыр. Оған бүкіл әлемде болып жатқан жойқын сипаттағы мега жер сілкіністері дәлел. Сарапшылар алдағы 5 жылда циклдің жалғасатынын, демек адамдар жер сілкінісіне дайын болуы керектігін ескертеді.

«Бізде 2004 жылы суматран жер сілкінісі болды, 300 мыңға жуық адам қаза тапты. Содан кейін Қытай, содан кейін 2011 жылы Фукусима деп аталатын 9,2 балдық жапондық жер сілкінісі болды. Осылайша, бұл цикл 20 жылға созылды. Бұл мега жер сілкінісінің циклі. Біз Қапшағай су электр станциясы сияқты ғимараттармен қоршаған ортаны дүрліктірмеуіміз керек. Бұл Алматыға зиян тигізуі мүмкін, өйткені Қапшағайды салғанда екі үлкен жер сілкінісі болған«, – дейді сарапшы-сейсмолог Мұхтар Хайдаров

Шымкентте 1 жылдың ішінде сейсмоқауіпсіздік ережелері сақталмаған жүзге жуық ғимарат анықталған. Қазір қалада 120-дан астам жинақтау пункті бар. Апат болған жағдайда эвакуациялық пункт адамдарды жинақтап тіркеп, алғашқы қажетті көмек көрсетеді. Төтеншеліктер қаланың орталықтандырылған құлақтандыру жүйесімен 80 пайызға қамтылғанын айтады. Дегенмен, жер сілкінісі болған өткен түні мұқтаждық болмағандықтан дабыл жүйесі іске қосылмаған.

Еркін Отарғалымұлы, Шымкент қаласы ТЖД бастығының орынбасары: «Олардың негізі орналасқан жерлері әлеуметтік обьектілер – білім обьектілері, сонымен қатар, адам көп шоғырланатын вокзал. Мұқтаждық болмағандықтан халық арасында дүрбелең туғызбау мақсатында жауапты қызметтер өздеріне тиесілі мониторинг жұмысын жүргізіп, сараптау қорытындысы бойынша біз құлақтандыру жүйесін іске қоспадық. Мұқтаждық болатын болса, бііз ол жүйені іске қосуға дайынбыз», – деп мәлімдеді Шымкент қаласы ТЖД бастығының орынбасары Еркін Отарғалымұлы.

Қазіргі таңда орын алған жер сілкінісіне байланысты ТЖД жедел штаб құрылып, онда азаматтық қорғаудың 21 қызметі жұмылдырылған. Мамандар мегаполисте барлық күштер мен құралдың жеткілікті болғандықтан аймақ төтенше жағдайға 100 пайыз дайын екенін айтады. Сондай-ақ, төтеншеліктер халықты тек ресми ақпаратқа ғана сенуге шақырды.