«Әженің дәмі» жобасы Шымкентте қайта жанданбақ

114

Шымкент қалалық ардагерлер кеңесінің мүшесі, «Құрмет» орденінің иегері Шарапат Құрманбекова осыдан 8 жыл бұрын 2016 жылы «Әженің дәмі» жобасын  Шымқалада алғаш рет бастаған болатын. Республикада баламасы жоқ бұл игі бастама  ішкі істер министрлігі, жергілікті билік тарапынан қолдауға ие болған.

Әженің дәмi, әженің әлдиi мен әнi есейіп кетсек те, қай-қайсымыз үшін қымбат, тәтті сағыныш. Ал, туған шаңырақтан жырақта жүрген, әжесi мен анасының дәмді асын аңсап жүрген сарбаздар үшін үйдің тағамынан артық дәм бар ма?!-деген әжелер  қауымы   шаһардағы  әскери бөлімдерде болып, Отан алдындағы борышын өтеп жүрген сарбаздарғa асылған ет, құрт, май, ірімшік пен бауырсақ секілді ұлттық тағамдармен толтырылған кең дастархан жаюды дәстүрге айналдырған. Сол іс-шаралар барысында  біз  Абай әндерін әскерилермен шырқадық деп есіне алады Шарапат апай.

Ақ жаулықты ана  «қала аумағындағы  әскери бөлімдерде  Қазақстанның түпкір-түпкірінен жиылған сарбаздар,  сапта тұрғанымен бәрі де өз балаларымыз бен немерелеріміз секілді жас жігіттер ғой. Сондықтан оларға әжелік мейірімімізді  сыйлауға  тырыстық. Олар отбасын, ата-анасын, ата-әжесін сағынып жүр ғой, ұлттық тағамдарымызды аңсаған болар деп  алдарына  дастархан жайып, үйлерінің иісін  жеткізуге ат салыстық», -дейді.

«Бұл  «Әже дәмі» атты  бастамамызды  еліміздегі өзге өңірлер де қолдады. Осы игі  іс отбасымда орын алған қайғылы оқиғадан кейін 2022 жылдан бері  жалғасын таппады. «Әже дәмі» жобасы тәрбиелік мәні зор бастама. Сондықтан оны қайта жандандырсақ деген ойымыз бар. Алдымызда Алғыс айту, Ұлыстың Ұлы күні- Наурыз мерекелері  бар. Сол ұлттық құндылықтарымызды айтулы даталарда ғана емес күнделікті  өмірде дәріптесек,  жастардың  туған жеріне деген сүйіспеншілігі артып, халықтың  ауызбіршілігі  артады»,-  дейді «Құрмет «орденінің иегері  Шарапат Құрманбековa.

Амина Карибаева,

Қ.А.Ясауи атындағы Халықаралық

қазақ-түрік университеті

«Журналистика» мамандығының 2-курс студенті