«Мамандандырылған база» 2026 жылға дейін қорғаныс құралдарын жасақтайды

12

Құрылғанына жарты жыл болғанына қарамастан «Мамандандырылған база» қоры 50 пайыздан асты. Мекемеге қазір ең қажетті деген жабдықтарды сатып алу көзделген. Ал толыққанды қорғаныс құралдары алдағы жылдары қалаға жеткізіледі деп жоспарланған.

Шымкенттегі «Мамандандырылған база» қоры 50 пайыздан аса көлемде жасақталды. Мекеме былтыр төтенше жағдайларға қажетті жабдықтарды жинап, сақтау үшін құрылған. Мамандар мұндай базаның жер сілкінісі немесе өзге де оқыс оқиғалар кезінде маңызы зор екенін айтады. Ал қорғаныс құралдары қоймасы 2026 жылға дейін толық қалыптасады деп көзделген.

Қайрат Бекбауов, Шымкент қаласы жұмылдыру дайындығы, аумақтық және азаматтық қорғаныс басқармасының басшысы: «Оның ішіне кіретін азық-түлік, киім кешек, шатырлар, күнделікті азаматтарға немесе күш құралдарына қажетті заттарды сол қорға жинаудамыз. Соны жинап сақтау біздің мамандандырылған базаның мақсаты. Бірінші кезекте ең керек дегендерін алып жатырмыз. Ал екінші кезектегісін 2025-2026 жылдарға созып жатырмыз»

Қазір қалада төтенше жағдайда бас сауғалайтын 123 эвакуациялық жинақтау пункті бар. Оны 2Гис қосымшасы арқылы бақылап, көруге мүмкіндік қарастырылған.

Қайрат Бекбауов, Шымкент қаласы жұмылдыру дайындығы, аумақтық және азаматтық қорғаныс басқармасының басшысы: «Сайлау участкелері дейміз ғой мектептерді. Сол сайлау учаскелері төтенше жағдайда эвакуациялық пункті деп аталады. Сол жақтағы тұрғындар сол мектептің маңайына келуі керек. Сол кезде транспорт басқармасының бөлген көліктері келіп, жиналғандарды қауіпсіз аймаққа алып кетеді»

Айта кетейік, 23 ақпанда мегаполис тұрғындарын эвакуациялық жағдайға бейімдеу мақсатында жалпықалалық сейсможаттығу шарасы өткізіледі.