Мақтааралдықтар Игілік ауылындағы мектеп ауласына сасық су жайылып, қолқаны қапқан қолаңса иіс айналаға тарап кеткенін айтып шағымданды.
Айтуларынша білім ошағының айналасына септиктегі қалдық су төгілген. Мектеп маңындағы иіске шыдау мүмкін емес деген ауыл тұрғындары, қалдық суды тасымалдайтын көлікті де видеоға түсіріп алған.
«Түнде иісі қатты шығады. Терезе ашу мүмкін емес. Тұншығып отырмыз. Лас су мына жерде ғана емес, осы арықтың соңына дейін осындай лас болып тұр», — дейді Игілік ауылының тұрғыны.
Ал мектеп басшысы ғимарат айналасына сасық суды ешкім әдейілеп төкпегенін айтады. Сөзінше шайынды суды алып кететін көлік білім ордасында ұзақ тұрып қалған. Сол аралықта маңайға жағымсыз иіс тарап үлгерген.
«Кеше қызметкеріміз мектеп септигін тартқан. Сол кезде көлік аздап кідіріп қалды. Сол кезде тамшылағаны бар. Бірақ ешқандай су төккен жоқпыз. Бізде жер астынан су шығады. Қыс, күзде соның суы көтеріліп, жиналып тұрады», — дейді Т. Әубәкіров атындағы мектеп директоры Мұрат Ақкүлеев.