Үшінші мегаполисте жасөспірімдер арасындағы суицид саны артқан. 2022 жылы 27 оқушы өз-өзіне қол салса, 2023 жылы бұл көрсеткіш 32-ге жеткен. Ал, жыл басынан бері оқушылар арасында суицидтің 3 жағдайы тіркеліп үлгерді. Мектеп оқушылары арасында мұндай фактілер неге көбейіп кетті? Білім ордасындағы психологтар балалармен қалай жұмыс істеп жатыр?
«Балаға кейбір тұста педагог-психологтың құзыреті жетпейді. Жасөспірімдер арасындағы суицидтің алдын алу үшін мектепке кәсіби психологтар керек. Себебі ондай әркетке бейім балалармен жұмыс істеуде мектеп психологтарының қауқары жетпейді». Қаланың бас ұстазы Нұргүл Шәмшиева бүгін кезекті брифингте осындай мәлімдеме жасады.
Нұргүл Шәмшиева, Шымкент қаласы білім басқармасының басшысы: «Қазір мектептерде жұмыс істеп жатқан психологтардың басым көпшілігі білімі бойынша педагог-психолог. Ал, көп жағдайда психология факультетін бітірген психологтардың жұмысы керек боп жатады. Өйткені өкінішке орай, қазір тергеу жүргізіліп жатқаннан кейін айта алмаймын, бір мектепте балаға қиянат жасау фактісі болған. Мысалы, сол жерде ол балаға педагог-психологтың құзыреті жетпейді. Туған әкесінен қиянат көрген балаға кім көмек көрсетеді? Тек психология факультетін бітірген маман болуы керек»
Жасөспірімдер арасындағы суицид мәселесінің көтерілгені тек бүгін емес. Бұл қоғамдағы өзекті тақырыптардың бірі. Былтыр мәжіліс депутаты Нартай Аралбай осы проблема төңірегінде депутаттық сауал жолдап, премьер-министрге ұсыныс айтқан еді.
Нартай Аралбай, ҚР Парламенті мәжілісінің депутаты: «Мектептегі “сынып жетекшісі” деген қызметтің орнына арнайы маман алу керек. Балалармен жұмыс істеуді көбейту. Психологтарды көбейту. Олардың жұмысын реттеу. “Әлеуметтік педагог” деген мәселені реттеу. Психолог деген неге маңызды? Өйткені, қазір бізде психологтарды даярлау сапасы нашар болғаннан, әлеуметтік желіде оқырманы көп кез-келген блогер, кез-келген әнші психолог болып, адамның жанын емдеуге кірісіп кетіп жатыр. Бұл да үлкен проблема. Олар кәсіби маман болмағасын оның арты неге апарарын өзіміз жақсы білеміз»
Алайда, суицид тақырыбында тек білім беру ұйымының мамандары жауапты емес дейді басқарма басшысы. Нұргүл Ақылбекқызының сөзінше бала психологиясының бұзылуына отбасындағы жағдай, ата-ана мен бала арасындағы қарым-қатынастың дұрыс болмауы да әсер етуі мүмкін.
Нұргүл Шәмшиева, Шымкент қаласы білім басқармасының басшысы: «Бұл тек қана білім беру ұйымының, оның ішіндегі басшылық пен психологтың арасындағы мәселе болуы мүмкін емес. Өйткені балаға мектепте сен қанша қолдау көрсеткенмен, жұмыс жүргізгенмен, ата-анасын шақырып мына балада тест нәтижесі осындайды көрсетіп тұр дегенмен, ата-ана тек нан табу қамымен жүрген болса, баласына уақыт таппаса, білім беру ұйымдары қанша әрекет еткенмен нәтиже шықпайды»
Ал, мегаполис тұрғындарының бұл тақырып төңірегіндегі ойы әр түрлі болып шықты. Дегенмен, мектеп психологтарының санын арттыру керек деген пікірдің басым екені байқалады.
«Ия, соңғы кезде суицид көбейіп кетті. Мектепте бір психолог жетпейді. Мүлдем жетпейді. Психолог маманы, әсіресе кәсіби психолог маман қажет. Сол үшін психологтың штатын көбейту керек. Жалақысын өсіру керек».
«Қазір мектепте оқушылар көп қой. Сыныптар көп. Бір психолог қай жаққа үлгереді?»
«Негізінен барлық проблема психолог мамандарда емес. Проблема адамның өзінен басталады. Үйінен басталады» ,- дейді шымкенттіктер.
Ал, мектептегі психологтардың санын көбейтуге ешқандай шектеу жоқ дейді жауапты басқарма басшысы Нұргүл Шәмшиева. Тек бюджет мәселесі оң шешімін тапса, білім ордасындағы психолог мамандарының штатын арттыруға мүмкіндік бар.