Шымкентте шахматтан балалар арасындағы ҚР чемпионаты өтті. Жарыста елдің әр өңірінен келген 605 жас спортшы бақ сынады. Жүлдегерлерге бағалы сыйлықтар табысталып, үздіктерге Азия біріншілігіне жолдама берілді.
12 жасар Ернұр Ержанұлы шахматтан балалар арасында Қазақстан Республикасының чемпионы атанды. Ол бірнеше күнге созылған жарыста қарсыластарының өте мықты болғанын айтады. Дегенмен, әлем чемпионы болуды армандайтын жасөспірім чемпионатта үздік атану үшін барын салған. Айта кетейік, қызылордалық өрен 5 жасынан бастап спорттың осы бір күрделі түріне қызығушылық танытқан.
“Мен Қырғызстан, Эль-Айн, Дубай қалаларында болдым. Ол жақтарда жеткен жетістігім көп. Эль-Айнда, Дубайда екі алтын медаль, Қырғызстанда бір күміс медаль, бір қола медаль алдым. Алдағы уақытта әлем чемпионы болғым келеді”, — дейді 1-орын иегері Ернұр Ержанұлы.
Республикалық додаға 600-ден астам жас спортшы қатысты. Олардың арасында әлем және Азия чемпионаттарының жеңімпаздары мен жүлдегерлері, спорт шеберлері болды.
Гүлмира Дәулетова, Қазақстан шахмат федерациясының атқарушы директоры:
«Шахматтан Қазақстан біріншілігін осы Шымкентте өткізіп жатырмыз, 605 ойыншы қатысып жатыр, бұл үлкен ауқымды жарыс болып табылады. Жылына бір рет өткізіледі. Барлық бүлдіршіндерімізді жинап, ең мықтыларды аңықтаймыз. Жалпы Қазақстан шахмат федерациясының президенты Тимур Турлов мырза,бірінші орын алған оқушыларды әлем біріншілігіне жібереді, екінші орын алған оқушыларды Азия біріншілігіне жібереді және 3, 4, 5 орын алғандарға да әртүрлі сыйлықтарымыз бар. Азия және Батыс Азия біріншіліктеріне жібереміз«.
Ел чемпионатының жеңімпаздары мен жүлдегерлеріне Қазақстан шахмат федерациясы тарапынан биыл түрлі елде өтетін әлемдік және құрлықтық біріншіліктерге қатысуға жолдама беріледі. Жарыс биыл өтетін Азия балалар чемпионатына дайындық есебінде болады дейді ұйымдастырушылар. Чемпионаттың жабылу салтанатында жүлдегерлерге арнайы сыйлықтар табысталды.