Жедел жәрдем жаяу жетіп, телефон жарығымен босандырып алды

https://youtu.be/sn7IM9L0WgI?si=OrExIJlet6tyNcss

Төлебилік жедел-жәрдем қызметкерлері боранды күні шақыртуға жаяу жетіп, аяғы ауыр келіншекті босандырып алды. 8 қаңтар күні қалың қар салдарынан жолдар жабылып, медициналық көлік діттеген жерге жете алмай, мамандар шақыртуға жаяу баруға мәжбүр болған. Айы-күні жетіп отырған ананы перзентханаға уақытылы жеткізе алмайтын болғандықтан, үй жағдайында босандырып алуға тура келіпті. Қолайсыз ауа-райынан газ бен жарық өшіп, фельдшерлер телефон жарығымен әрекет еткен.

Ақтүтек боранда Төлебилік фельдшерлер Жанна Сәрсенованы үйде босандырып алды. Түнгі үштер шамасында Жаннаның толғағы келіп, жедел жәрдемге хабарласқан. Алайда қалың қар мен боран салдарынан жолдар жабылып, мамандар шақырту түскен үйге көлікпен жете алмапты. «5 ұлдан кейінгі тұңғыш қызымыз асығып келді» деген келіншек қолайсыз ауа-райы салдарынан сол уақытта үйде газ бен жарықтың болмағанын айтады.

«Түнгі екіден кейін толғағым қатты қысты. Жедел жәрдемге хабарластым, келіп қалды табан астында. 5 ұлым бар алдында, қызымыз асығып, жедел жәрдем келген соң, 5-10 минуттан кейін босанып қалдым үлгермей. Бораннан шыға алмадық. Ханшайым болады ғой енді қызымыз, қыстың суығындағы ханшайымдарға ұқсап», – дейді көпбалалы ана Жанна Сәрсенова.

Жедел-жәрдем қызметкерлері үйге 300-400 метр қалғанда көлік қардан шыға алмай қалды дейді. Сондықтан жүргізушіні тастап, өздері қажетті жабдықтарымен жаяу кеткен. Ал айы-күні жетіп отырған келіншек перзентханаға уақытылы жетіп үлгермейтін болғандықтан, үй жағдайында телефон жарығымен босандырып алыпты.

«Үй тас қараңғы, газ жоқ болғандықтан суық еді. Кері қарай перзентханаға қарай дұрыс уақытында жете алмайтынымызды білгендіктен, жолда нәрестені жауратып алмау үшін үйінде босандыруға тура келді. 03:27-де үйінде босандырдық, дүниеге қыз келді»,- дейді жедел әрекет еткен Төлеби аудандық №12 жедел-жәрдем бекетінің фельдшері Ербол Сартаев.

Тәжірибелі мамандар қайта жолға шығу қауіпті болғандықтан, төтенше жағдай қызметкерлерін күтіп, тек 1 жарым сағаттан соң перзентханаға шыққан.

«02:50-де шығып бара жатқанымызда жол жоқ еді. Өзім жол салып бардым. Фельдшер жігіттер “керек затымызды алып кете берейік, сіз шығып артымыздан келіңіз” деді. Таулы аймақ болған соң ауа-райының күрт өзгеретінін білеміз, күрек салып алғанбыз көлікке. Жолды тазалап, бұлардан кейін 20 минуттан кейін бардым»,- дейді жүргізуші Асан Алтаев.

5 ұлдан кейін дүниеге келген Ақниет есімді арудың жағдайы жақсы. Мамандар денсаулығына төнетін қауптің болмағанын айтады. Нәресте салмағы 3,3 келі, бойы 54 см болып жарық дүние есігін ашты.

Жанат Нұрымбетова, перзентхана бөлмінің меңгерушісі: «Бұл кісі енді көп босанушы әйел, тәуекел тобы дейміз, бұл кісілер негізі перинаталды орталықта босану керек. Бірақ толғағы тез арада үдеп, үлгермей қалды. Бораннан шыға алмай қалды. Нәрестесінің де, өзінің де жағдайы жақсы болып жеткізілді. Келгелі бері ешқандай ауытқулары жоқ. Баласын емізіп, көңіл-күйі жақсы, бүгін үйіне жіберуге дайындап жатырмыз».

Жыл басынан бері Леңгір перзентханасында 78 бала дүние есігі ашқан. Ал боранды 8 ақпан күні 4 әйел босанған. Оның үшеуі қыз, біреуі ұл бала дүниеге әкелген. Бүгін Ақниет пен анасы үйіне шығарылады. Оларды үйде бауырлары мен туыстары мерекелік дастарханмен күтуде.