Жер асты құбыры тесіліп, газ иісі тараған

1032

Шымкентте кеше жер асты газ құбыры тесіліп, көгілдір отынның шығуы анықталған. Улы иіс 2 үйге тараған. Сондықтан мамандар апатты жағдай жариялап, Қазығұрт ауданында 1100 тұтынушыны уақытша газдан ажыратты.

Өткен айда орын алған жер сілкінісінен кейін Шымкентте осымен үшінші рет жер асты газ жолынан табиғи газ шығу жағдайы тіркелді. Оның бірі кеше Қазығұрт мөлтек ауданындағы 2 үйдің аумағында анықталған. Көгілдір отын Көктоған көшесіндегі бір үйдің жертөлесінен анықталса, ал екіншісінің кіре беріс аумағына тараған. Сондықтан 7 баланың әкесі кеше күні бойы бүлдіршіндерінің амандығы үшін есік терезенің бәрін ашып, алаңдаумен отырғанын айтады.

«Үйден 2 күн алдын иіс шықты. Ол кезде мен беташарға кеткен едім. Үйде класстастарым қалған. Солар газдың иісі бар деп хабарласты. Сонсоң ертесіне келіп құбырды жөндеп беріп кетті. Бізге бала-шағаны басқа жаққа көшіріңіз деді. Өзіміз Жетісайдан көшіп келгенбіз. Баратын жеріміз болмаған соң, үйдің терезесінің бәрін ашып тастап отырдық. Осындағы газға жауапты жігіттер келіп әр 15 минут сайын тексеріп отырды. Бала-шағаның жағдайын сұрап тұрды», – дейді Шымкент қаласының тұрғыны Бекболат Құралов.

Апат салдарынан 1100 тұтынушы мен 2 кәсіпорын уақытша газдан ажыратылған. Қазір ақау қалпына келтіріліп, жағдай тұрақталды. Мамандар жер сілкінісі салдарынан газ құбырына зақым келу қаупі басым болғанын айтады. Сондықтан мамандар қазір арнайы құрылғымен тексеру жұмыстарын жүргізіп жатыр.

«Зертхананың арқасында кеше Қазығұрт шағынауданында газ шығыны анықталды. Газ шығыны дереу оқшауланып, мамандар қалпына келтірді. Қала аумағында Пергам зертханасы әлі өз жұмысын жалғасып жатыр. Әлі жер асты құбырларында газ шығуы жоқ екеніне толық көз жеткізгенімізше жүргізіледі», – дейді «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ ШӨФ өндірістік техникалық бөлім басшысының орынбасары Елдар Қуандықов.

Мамандар әлі де зақымданған құбырлардың болуы мүмкін екенін айтады. Сондықтан қандай да бір газ иісі сезілген жағдайға бейжай қалмай, шұғыл түрде мамандарға жүгінуге шақырады.