Биыл егіс алқабы 24 млн гектарға жуықтайды. Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаровтың айтуынша бидайға бөлінген алаң шамамен 430 мың га қысқарды.
Қысқартылған алаңдарға әлеуметтік маңызы бар және жоғары рентабельді дақылдар алаңдарын ұлғайту жоспарланып отыр. Мәселен, облыстар әкімдіктерінің жедел деректері бойынша майлы дақылдар алаңын 385 мың гектарға ұлғайту жоспарланып отыр. Бұл жалпы егіс алаңын 3,2 млн гектарға дейін жеткізуге мүмкіндік береді.
Егіс науқанын сапалы жүргізу үшін Үкімет бірқатар шара қабылдады. «Кең дала» бағдарламасы бойынша жеңілдікпен 140 млрд теңге несие беріледі. Жергілікті бюджеттерден қосымша 100 млрд теңге бөлінеді. Форвардтық сатып алуға 40 млрд және субсидиялар түрінде 95,4 млрд теңге қарастырылған.
ҚР Ауыл шаруашылығы министрінің баяндауынша, биылға болжам жақсы. Қар жақсы жауды. Ылғал бар. Бірақ көктемде тағы да қарастырамыз. Өйткені қатты ыстық болып кетсе, ылғал жоғалып кетуі мүмкін. Сондықтан ылғалдандыру жұмыстарын уақытылы жүргізу керек. Тұқым бәрі бар. 3%-ін корпорация арқылы беруге дайындап отырмыз. Уақытылы себу жұмысын істейміз.