Биыл Бәйдібек ауданындағы егіс алқабы 2 есеге артық өнім береді

781
фото Ашық дереккөз

Биыл Бәйдібек ауданының шаруалары дәнді дақыл мен мақсарыдан мол өнім жинаймыз деп қуанып отыр. Бұл жоспар – ауыл шаруашылығында жаңа сандық технологияның қолданысқа енуіне ғана емес, суармалы егін алқабы аумағының кеңеюіне мүмкіндік береді. Соңғы 1 жылдың өзінде аудандағы суармалы жердің көлемі 2 есеге көбейгенін ескерсек, алдағы айларда дихандарға тағы да оңтайлы әдістің тууы әбден мүмкін.

Егіс алқабы үшін жекелеп емес, жұмыла жоспар түзу, оны жүгенді жүзеге асыру керек! Бұл – Бәйдібек ауданындағы шаруалардың басты ұстанымына айналған. Соңғы жылы «Алғабас-Ағыбет» өндіріс кооперативі мен «Ерсұлтан – агро» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі бірлесе егін егіп, малды да бағып-бордақылап келеді. Осылай жұмылған жоба-жоспардың жемісі де жоқ емес, ауылшарушылығы өнімінің көлемі артып, алқаптағы жұмыс та жүйелі орындалуда. Соның арқасында болар, бүгінде техникалық жабдық-жасақтың жетіспеушілігі де жойылған.

Әбдімәлік Спатаев

Әбдімәлік Спатаев, «Ерсұлтан – агро» ЖШС-нің директоры: «Жалпы 5 мың гектар жерге  ауыл шаруашылығы дақылдарын ектік. Оның ішінде бидай – 2 мың гектар, арпа – 500 гектар және де мақсары – 1800 гектар, жоңышқа – 400 гектар аумақты қамтиды. Қазіргі таңда бидай науқаны жақындап қалды, гектарына – 14 центнер өнім аламыз. Сондай–ақ, арпа дақылы жинап біттік. Гектарына – 17 центнерден тиді».

Дихандардың айтуынша, биыл отын мен минералды тыңайтқыштар бойынша мәселе туындыған жоқ. Шаруа қожалығы қажеттіліктерге аз уақыттың ішінде, дер кезінде және тиісті мөлшерде қол жеткізген. Есесіне, тиісті мекемелерге барып, табалдырықты тоздырудың да қажеті болмаған. Қажетті сұранысты аудандық ауылшаруышылығы бөліміне ғаламтор арқылы тастаған.

Бәйдібек ауданындағы өнім көлемінің артуына – суармалы егін алқабы аумағының кеңеюі сеп болған. Аймақ басшылығы су арнасын реттеуші каналдарды жүйелеп, бір уақытта тиісті көлемде, тиісті аумаққа жетуін қамтамасыз ететін қондырғыларды да орнатып қойыпты.

Аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің мамандары биыл алқаптағы өнім көлемі соңғы жылдармен салыстырғанда, 2 есеге артатынын айтып, марқайып отыр. Ендеше, жұмыс нәтижесін көретін күн алыс емес. Жиын-терім маусымы да жақындап қалды.

Мөлдір Бекеева