Бөбектер үйінің тәрбиеленушілері сый-сияпатқа кенелді

30

Шымкенттегі мамандандырылған бөбектер үйінде Әз-Наурыз мейрамы тойланды. Мерекелік кеште қонақтарға балақайлар ән мен жырын арнаса, қайырымды жандар сый-сияпатын ала келіпті.

Ұлыстың Ұлы күні қарсаңында қалалық мамандандырылған бөбектер үйінің балапандары қуанышқа кенелді. Мұнда қазақтың ұлттық ойындары мен дәстүрі дәріптеліп, енді ғана тәй-тәй басқан балақайлардың тұсауы кесілді.

Хамит балақайдың тұсауын көпбалалы ана Зүлфия Юнусова кесті. Ол орталыққа жиі келіп, ата-ана қарауынсыз қалған бүлдіршіндерге қол ұшын созып тұрады. Тіпті әр мереке сайын бөбекжай тәрбиеленушілерін түрлі ойын-сауықтық алаңдарға апаруды қолға алған.

«Балаларға мейірімі түскен қыз келіншектермен жиі келіп тұрамыз. Әр келген кезде не керек, қандай ойыншық керек? Алып келіп, үйі сияқты етіп жағдайын жасауға әрекет істеп жатырмыз. Бұл балаларды ойын алаңдарына алып шығамыз. «Фиркан», драма театр, саябақтар болсын. Тәуелсіздік паркіне апарып келдік. Тек осында емес қаламыздың әр түрлі жеріне барып, Қазақстанның барлық азаматы сияқты ойнап-күліп жүруіне барынша жағдай жасап жатырмыз», – дейді Шымкент қаласының тұрғыны Зүлфия Юнусова.

Мекеменің бас дәрігері мұндай шаралар балалардың қалыпты өмірге үйренісуіне септігін тигізетінін айтады. Сонымен қатар ол ата-әжелерді осында шақыру арқылы тәрбие берудің маңызы зор дейді.

«Олар да атаны көрсін, олар да әжені көрсін. Олар да үлкен кісілерді көріп, отбасын сезінсін. Аралассын, өссін, өнсін. Бұл да тәрбиенің бір жолы ғой. Мейірім, жақсы ниет, жақсы сөз балалардың есінде қалады. Өседі, өнеді. Ертең ертегі айтып кеткен кісіні, есейгенде есіне алып отыратын болады», – дейді мамандандырылған бөбектер үйінің бас дәрігері Ғалымжан Айнабек.

Қазір орталықта 41 бала тәрбиеленіп жатыр. Оларға қайырымды жандар мерекеге қарсаңында арнайы келіп, сый-сияпатын табыс етті.