Жыл басынан бері Қазақстан экономикасының өсімі 4,2 пайызды құрады. Бұл туралы Үкімет отырысында Ұлттық экономика министрі Нұрлан Байбазаров айтты. Оң динамика әсіресе құрылыс, көлік, өңдеу өнеркәсібінде байқалады. Атап айтсақ, нақты секторда 5,1%, қызмет көрсету саласында 3,5%.
Инфляция да ырыққа көнер емес. Биыл баяулағанның өзінде 9,3% болған. Қымбаттаған азық-түліктің қатарында тұрғындар үшін маңызды күріш, жұмыртқа, жеміс, сусындар, сары май және макарон өнімдері бар. Бұл ретте премьер-министр Олжас Бектенов инфляцияны одан әрі төмендету қажеттігін айтты. Оны 8 пайыз дәлізінде ұстап тұру міндеті тұр. Үкімет басшысы бағаны бағындыра алмаған әкімдіктердің жұмысын сынға алып, шаруаны ширатуға тапсырма берді. Тіпті, бұл мәселені жеке қарайтынын айтты. Бағаны реттеу үшін тұрақтандыру қорлары, өнім құнын арзандатуды субсидиялау, баға тұрақтылығын қамтамасыз ету бойынша сауда субъектілерімен келісімдер жасау сияқты тетіктерді белсенді пайдалану қажеттігі айтылды. «Сонымен қатар импортқа тәуелді өнім өндірісін кеңейту және әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларын өндіруге арналған басым дақылдардың егіс алқаптарын ұлғайту қажет»,- деді Үкімет басшысы.