Шымкенттік жастар «Су ресурстары-Маркетинг» ЖШС-не экскурсия жасады. Олар кәсіпорынның жұмыс барысымен таныс болды. Және қала халқының қаншалықты қауіпсіз ауыз су тұтынатыны жайлы ақпаратқа қанық болды.
«Су ресурстары-Маркетинг» ЖШС жастарға арнайы экскурсия өткізді. Шара мақсаты – мектеп оқушылар мен студенттерге ауыз судың қалай өңделетіндігі мен оның қауіпсіздігін көрсету. Және тіршілік нәрін үнемдеп қолданудың маңыздылығын түсіндіру.
«Қаламызда барлығы 5 су қабылдағыш орындары бар. Ең үлкені – Ақбай-Қарасу су қабылдағышы. Оның жалпы жобалық қуаты — жылына 75 миллион текше метрге жетеді. Бірақ мемлекеттік лимит бар, бұл — жылына 60 миллион текше метр. Қазір қала аумағы кеңейіп, халық саны көбейіп жатыр, жаңа шағынаудандар көбеюде – осыған байланысты, біз лимитті толық пайдаланып отырмыз. Ақбай-Қарасу су алабында жылына өндірілетін су көлемі 55 миллион текше метрге дейін жетті»,- дейді «Су ресурстары-Маркетинг» ЖШС Өндірістік техникалық бөлімінің инженері Керімбеу Ағабаев.
Экскурсия барысында су өндіру жолы мен санитарлық талаптарды сақтау барысы да түсіндірілді. Ал сынақ зертханасының қызметкерлері суды зарарсыздандыру процесінде сұйық хлорды пайдаланудан әлдеқашан бас тартылғаны жайлы айтып берді.
«Бүгін біз» Су ресурстары-Маркетинг » ЖШС орталық диспетчерлік қызметінде және ең үлкен су қабылдағышында, қалаға су тарататын орында болдық. Онда бізге ауыз судың қалай өндірілетіні, оның қалаға қалай жеткізілетіні және су құбыры желілері бойынша таратылатыны көрсетілді және айтылды. Менің ойымша, бұл әркім білуі керек пайдалы және қажетті ақпарат», — дейді № 132 мектеп оқушысы Қазына Аманова.
Экскурсияға қатысқан жастар мамандарға сұрақ қойып, жан-жақты мағлұматқа қанық болды. Олар ең бастысы тіршілік нәрін ысырап етпей, тиімді пайдалануды үйренгеніне қуанышты.