Шымкенттегі төтенше жағдайлар департаментінің психолог маманы Жанат Әбдікәрімованың иығына погон таққанына биыл 15 жыл. Ол шұғыл жағдайдарда зардап шегушілерге психологиялық, қажет болған жағдайда алғашқы медициналық көмек көрсетеді.
Тәннің емес, жанның дәрігері бола білген Жанат Әбдікәрімова — төтенше жағдай департаментінің психолог маманы. Ол түрлі шұғыл төтенше оқиғалар орын алғанда ер азаматтармен қатар тұрып, күн-түнге қарамай шақыртуға шығады. Резонансты жағдайларда адамға психологиялық көмек ауадай қажет деген маман ең алдымен зардап шегушілерге жәрдем береді. Сөзінше ондай сәттерде бала да, ересек та эмоциясын шығаруға мұқтаж.
«Бізде жылама, айтпа, ұят болады деген бар ғой. Мүмкін сол әсер ететін шығар. Бірақ, кейде адамдар өздері қалай келгенін білмей қалады. Қарапайым әңгімеден басталады, ішкі проблемасына үңіліп кеткен кезде ғана байқамай айтып қалады», — дейді Шымкент қаласы ТЖД психологиялық қызмет тобының бас маманы Жанат Әбдікәрімова.
Жанаттың погон таққанына биыл 15 жыл. Психологтың шұғыл шақырту сөмкесі 24/7 дайын. Төтенше шақырту түскен сәтте дереу сөмкесіндегі қажет саймандарын сайлаған ару, өзге мамандармен бірге көлікке мініп, көмекке асығады.
«Бұл — шақыртуға шығатын сөмке. Шұғыл шақыртуға алып шығамын. Мұнда міндетті түрде медициналық қорап жүреді. Алғаш көмек көрсетеміз, дәрігер келгенге дейін. Себебі, бірінші психологиялық көмек деп тұрмаймыз, медициналық көмек қажет болатын жағдайлар болады. Стақандар, суымыз, дымқыл сүлгілеріміз бар. Балалар болатын жағдайда түрлі түсті қарындаштар, парақтар болады. Тіпті, кәмпиттер салып жүреміз. Ол балалардың эмоциясын шығаруға көмектеседі», — дейді Шымкент қаласы ТЖД психологиялық қызмет тобының бас маманы.
Жанат департамент қызметкерлеріне стресстік және шұғыл жағдайларда қалай дұрыс әрекет ету керек екенін үйретеді. ТЖД психологиялық қызмет тобының бас маманы ең бастысы — мейірімді жүрек екенін айтады. Психологтың айтуынша, төтенше жағдай — зардап шеккендер үшін ауыр сынақ. Ал ондай жағдайларды бастан кешіру тұрғындарға ғана емес, өрт сөндірушілердің өзіне де қиын соғады.
Төтеншелік маман 3 қыз тәрбиелеп отыр. Егер қыздарым жолымды қуса, қарсы емеспін, тек қолдаймын дейді психолог. Сөзінше Жанаттың жары түнгі шақыртуларға да үйренген көрінеді. Егер адам шын сүйсе, жарының таңдауын сыйлайды дейді ол.
Жанат Әбдікәрімова, Шымкент қаласы ТЖД психологиялық қызмет тобының бас маманы: «Кез келген ер азамат жарын қызғанады деп ойлаймын. Егер адам жақсы көрсе, оның таңдауын, мамандығын сыйлайды деп ойлаймын. Түсінеді мені. Түнгі шақыртулар болады, барлығына түсіністікпен қарайды. Арқа сүйерім жарым мен анам үнемі қолдайды».
Жанат тек зардап шегушілерге ғана емес, департамент қызметкерлеріне де көмек көрсетеді. Оның қызметі — психологиялық диагностика, дайындық, психологиялық түзету, кеңес беру және оңалту. 40 жастағы маман өз қызметін абыроймен әрі мақтана атқарады.