Өткен жексенбінің таңында Шымкенттің Қажымұқан стадионында Nauryz Run алғашқы марафоны өтті. Дәстүрлі жүгіру марафонына 16 жастан асқан жасөспірімдер мен ересектер қатысты. Жүгіру жарысында 150-ге жуық адам бақ сынады.
Қажымұқан стадионында таңғы сағат 7-ден бастап шымкенттіктер жинала бастады. Балалар, жастар мен ересектер марафонға қатысуға келген. Көктемнің алғашқы жүгіруі есептелетін Наурыз ран марафонында қатысушылар 5 шақырым қашықтыққа жүгіреді. Жыл сайын өткізілетін спорттық іс-шараға әуесқой спортшылар 3 санат бойынша қатыса алады.
«Негізгі мақсатымыз – Шымкент қаласында әуесқойлар арасында спортты дамыту, жүгірушілерді көбейту, барынша көп адамға жүгірудің не екенін көрсету. 7-ші сәуірді таңдаған себебіміз – халықаралық спортты дамыту күні. Бүгінгі марафонға 130-дан астам қатысушы бар», — дейді ұйымдастырушы Айдана Түлкібек.
Алғашқы болып 16 мен 29 жас арасындағы қатысушылар жүгіріп, бақ сынады. 50-ден астам адамның ішінен 27 жастағы Айдар Тұрысбек айналымдарды бірінші жүгіріп өтіп, алғашқы болып мәре сызығын кесті. Үздік марафоншы бұл жарыс алдағы триатлонға үлкен дайындық екенін айтады.
«Дайындық жаңа жылдан бері болып жатыр. Салмақ қуу болды, 83-тен 73 салмаққа түсіп, бүгін міне нәтиже осы. Мен ойлағаннан оңай болды. 4 айналым бойы ешкім ілеспеді, сондықтан жай жүгіруге тура келді», — дейді қатысушы Айдар Тұрысбек.
Nauryz Run көктемгі марафоны жүгіру жарыстарының кезеңін бастады. Ұйымдастырушылар кейінгі уақытта жүгірумен айналысатындар көбейіп, марафондар жиі өтетінін айтады. Марафон соңында жеңімпаздар мен қатысушылар демеушілер тарапынан сыйлықтар, арнайы дайындалған медаль және дипломдармен марапатталды. Бүгінде үшінші мегаполисте бұқаралық спорт жарыстары көптеп өткізілуде. Салауатты өміәр салтын ұстанатындар қатары да артып келеді. Бұл өз кезегінде тұрғындардың өмір сапасын жақсартуға септігін тигізері сөзсіз.