Шымкенттегі гепатологиялық орталықтың көрсетер көмегі көп

42
Видеодан кадр

Үшінші мегаполистегі №2 қалалық аурухана базасында гепатологиялық орталық ашылды. Онда бауыр ауруларымен ауыратын науқастар келіп, ем алуына мүмкіндік жасалады. Ал соңғы жылдары Шымкентте аталған дертке шалдыққандар саны көбейген. Сондықтан мамандар оның алдын алу шараларын қарастырып жатыр.

Шымкентте созылмалы бауыр аурулары басқа өңірдерге қарағанда 4 есе көп. Сондықтан №2 қалалық аурухана базасында гепатологиялық орталық ашылды. Онда бейінді мамандар науқастарды бақылап, ем алуына көмек көрсететін болады. Соған орай бүгін арнайы конференция өткізіліп, білікті дәрігерлер өз тәжірибесімен бөлісіп жатыр.

«Орталықта созылмалы бауыр ауруларымен ауыратын науқастар келіп, қарала алады. Оларға білікті мамандар өз кеңесін береді. Мен өзім де сонда ауыр науқастанған азаматтарға ем-дом шараларын жүргізу жолдарын көрсететін боламын. Сондықтан қазір конференция барысында қатысушыларға метаболизмдік синдром және алкогольсіз майлы бауыр ауруын қалай емдейтінін, оны қалай анықтайтынын түсіндірдім. Пайдалы болды деген ойдамын», — дейді Қ.А.Ясауи атындағы ХҚТУ доценті Элмира Ескендірова.

Шеберлік сағатына шымкенттік 100-ге тарта маман қатысты. Оларға науқастармен және жоғары технологиялы құрылғылармен жұмыс істеу негізі түсіндірілді. Ұйымдастырушылар мұндай орталықтың алдағы уақытта ауру санын төмендетуге септігі тиетінін айтады.

«Орталықтың бізде ашылу себебі, бұл  көпсалалы стационар. Мұнда қажетті маманның бәрі бар. Аумақтық жағынан да барлық азаматтар ауруханға тез келуіне мүмкіндік бар. Халыққа көмек көрсету, бауыр циррозын болдырмау мақсатында 2030 жылға дейін стратегия құрылған. Қандай жағдайда да ауру санын 35-40 пайызға төмендету үшін осындай шара қолға алынып отыр», — дейді №2 қалалық аурухананың бөлім меңгерушісі Жанар Рсалиева.

Жаңа орталықтың ашылуына орай фиброскан аппаратын әкелу көзделіп отыр. Ол дерттің даму сатысын бақылауға мүмкіндік береді. Айта кетейік, қаламызда 5 мыңға тарта созылмалы вирусты гепатит пен 500-ге жуық циррозбен ауыратын азамат тіркеуде тұр.