Бауыр аурулары «жасарып» барады…

1480
7sunews.kz

Бүгінгі күні бауыр ауруларының тым жасарып бара жатқанын айтып дәрігерлер дабыл қағып отыр. Бұрын бауырым деп безектейтіндер 50-60 жастан асқандар болса бүгінде жастар осы диагноздан зардап шегіп жүр. Бауыр циррозы деген ең ауыр түріне шалдыққандардың қатары да артып барады. Ауыр зардапқа әкеп соқтыратын аурудың алдын алу жұмыстары жүргізілгенімен одан шалдыққан науқастардың қатары кеміп отыр ма? Дәрігерлер бұл турасында не дейді?

Жұқпалы сары аурумен, яғни гепатиттің В, С түрімен ауырғандар емді толық алып, жазылғаннан кейін де диета сақтап, күтініп жүрмесе бауыр ауруының асынып кетуіне әкеліп соғуы әбден мүмкін. Мәселен, сары аурудың басты белгілері құсу, тәбеттің жоғалуы, жүрек айнуы болса, ең басты белгісі адамның өңі сарғаятындығы. Мәселен, 1 адам сарғаятын түріне шалдығатын болса 20 адам сарғаймайтын түрімен ауырады. Сондықтан да олар сары ауруға шалдыққанын білмейді. Емделмей жүре береді. Уақыт өткізіп алып, санын соғып қалатындар көп. Ол С гепатитіне алып келеді. Ал ол циррозға, бауыр ісігіне айналып кетуі әбден мүмкін. Сондықтан да дәрігерлер үнемі тексеріліп тұруға кеңес береді. Елімізде бауыр ауруларының тым көбейіп кеткендігінен биылдан бастап алдын алу жұмыстары қолға алынуда. Ол үшін скринингтік тексеру жұмыстары басталды. Бұл өте қымбат тұратын тексеріс. Сондықтан да мемлекет халықтың денсаулығын жақсарту, аталған ауруды ерте бастан анықтау, емдеудің тиімділігін арттыру үшін аталған жұмысты қолға алып отыр. Оның әрине көп пайдасы бар. Ауруды ерте анықтау науқастың құлан таза айығып кетуіне септігін тигізеді…

Қауіп қайдан демеңіз?
Бүгінде бикештер сұлулық салондарында маникюр, педикюр жасатуға құмар. Ондағы құрал саймандар қаншалықты «ультракүлгін сөреде» арнайы өңдеуден өткізілсе де қауіптілікті жоя алмайды. Көптеген науқастар осы сұлулық салондарынан сорлап қалып жатады. Аталған процедуралар В, С гепатиті мен ВИЧ жұқтыру қаупінен сақтамайды. Гепатиттің С түрін «мейірімді өлім» деп атайды. Дерттің бұл түрі қан арқылы жұғады. Ал тістерін емдетіп, гинекологиялық ота жасатқандар, қан құйдырғандар әлбетте тексерістен өтіп тұруы керек. Өйткені бүгінде гинекологиялық құралдар бір рет қана пайдаланылмайды, қаншама рет өңдеуден өтіп, тазаланса да ауру жұқтырып алу қауіптілігі жоғары. Ал науқастардың 70 пайызы ауруды стоматологиялық кабинеттерден жұқтырады. Бауыр ауруының ауыр түріне шалдыққандарды емдеу өте қиын. Созылмалы гепатитке шалдыққандар бұрын дәрілерді өздері сатып алып келсе, 5 жылдан бері мемлекет өз мойнына алып, емдеу жүргізіп келеді. 1 науқасты емдеу үшін бюджет қоржынынан 10 мың АҚШ доллары жұмсалады. Бүгінде қажетті дәрілер АҚШ пен Германияда өндірілуде. Арнайы дәрілерді науқас 3 ай ішеді. Одан кейін қанында ешқандай В, С гепатитінің жұрнағы да қалмайды.

Еркін Құлманбетов, Гепатоорталықтың бас дәрігері:
АҚШ, Германияды дәл осы ауру түрін емдеу 60 мың доллар тұрады. Бүгінде Үндістан, Қытай сапалы дәрілер шығаруда. Ауруларға жақсы әсер етеді, ешқандай қарсы көрсетілімі жоқ. Бауыр ауруының ауыр түрі С гепатитін де емдей аламыз. Аурудың дәл осы түрі цирроз, обыр ауруларына жақындау, ең қауіпті түрі. Циррозға шалдыққанда бауыр етке айналып кетеді. Қанша емдесе де ет қайтадан бауырға айналмайды… Орталығымыздың ашылғанына 3 жылға жуық уақыт болды. Облысымыздағы бауырды емдеп, диагностика жасайтын жалғыз мекеме. Зертхана, УДЗ бар, заманауи құрал жабдықтармен толық жарақтандырылған… Өзім Испанияда, Қытайда, Румынияда, Түркияда Израильде, Ресейде оқыдым. Жыл сайын дәрігерлеріміздің біліктілігін арттыруға көп көңіл бөлеміз. Шетелдік әріптестерімізден тәжірибе алмасып, бауыр емдеудегі жаңа әдістерді үйренудеміз.

Гепатиттің алдын алу үшін ересектерге де екпе салдыру қажет
Циррозға шалдыққандардың 80 пайызы созылмалы гепатитті асқындырып алғандар болса, 20 пайызы бауырды құртатын ішімдік ішу, темекі сынды зиянды заттармен өздерін уландырғандар. Одан бөлек дәрігердің нұсқауынсыз кез-келген дәрілерді ішуге болмайды. Дәрілердің бәрі де бауырдың «сүзгісінен» өтеді, бауырды ағзадағы «зертхана» деп бекерге атамаса керек. Сондықтан да бауырға күш түсіруден аулақ болған жөн. Ал туберкулезді емдейтін дәрілер өте зиянды. Бауырды «отырғызатын» негізінде осы дәрілер. Алайда С гепатиті деген диагноз қойылғанның өзінде түңілудің түкке қажеті жоқ. Өйткені жоғары технологиялы құралдармен жабдықталған орталық дерттен айығуға 100 пайыз кепілдік бере алады. Ол үшін нақты да дәл диагноз қойылып, емдеу барысы дәрігердің қатаң қадағалауында болуы тиіс. Ал гепатиттің В түрін емдегеннен көрі оның алдын алған әлдеқайда тиімді.

Былтыр В гепатиттің алдын алу мақсатында ересектерге тегін вакцина салу жұмыстары жүргізілді. Оны қалалық тұрғындардың тек 800-іне ғана салдыру «бақыты» бұйырды. Негізінде аталған вакцина бала туылған бірінші күні-ақ перзентханада салынады. Аталған екпе 15 жылға дейін жетеді. Одан кейінгі уақытта яғни, ересек тартқан кезеңде тағы да екпе жасату қажет. Гепатитке қарсы екпені бельгиялық ірі компания жіберген. Бұл екпе әлемдегі ең таңдаулылардың қатарында. Өткен ғасырдың 80-ші жылдарынан бері әлемнің дамыған елдерінде қолданылады. ДДСҰ осы вакцина арқылы әлемді гепатиттен азат етпек ниетте. Өкінішке қарай, қымбат тұратын екпені жаппай салдыруға тиісті мекемелердің ниеті жоқ, ал көпшіліктің қалтасы жұқа. Тіпті салдырғысы келетіндердің өзі оны дәріханалардан таба алмайды. Бүгінде аталған екпені жаппай ендіру ешкімнің ойына да келмейтін сынды. Насихат жұмыстары да жүргізілмейді. Егер екпе егу қолға алынса ауруды емдеумен әлек болмас едік. Салдарымен емес себебімен күрескен тиімді емес пе? Медицинадан «жеңіліп» тарих қойнауына кеткен дерттер жетерлік. Бауыр аурулары да осы тізімге енсе деген тілек бар. Тек тиісті тараптан ниет жетіспей тұрғаны…

Г. Жұмаш