СҚО-ға су тасқынымен күресуге барған түркістандық құтқарушы көз жұмды

3499

Солтүстік Қазақстан облысында су тасқынына қарсы жұмыстарға көмек көрсетуге барған түркістандық ТЖМ қызметкері қайтыс болды.  

Белгілі болғандай, Түркістан облысы ТЖД Өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметінің қызметкері, Сайрам ауданының № 6 өрт сөндіру бөлімінің бөлімше командирі, азаматтық қорғау прапорщигі Бекжан Балданов сәуірдің 1-інен 2-сіне қараған түні Солтүстік Қазақстан облысы Тайынша аудандық ауруханасында көз жұмған.

1978 жылы дүниеге келген Бекжан Балданов 1 сәуірде СҚО-ға Түркістан облысының күштері мен құралдары тобының құрамында су тасқынына қарсы іс-шараларды өткізуге көмек көрсету үшін келген. Сол күні кешке өзін нашар сезініп, ауруханаға жеткізілген.

Ақ халаттылар оны санавиация көмегімен Петропавл қаласындағы ауруханаға жатқызбақ болған. Алайда ол аудандық аурухананың жансақтау бөлімінде жан тәсілім еткен.

«Төтенше жағдайлар министрлігі, Түркістан облысы Төтенше жағдайлар департаменті және Солтүстік Қазақстан облысының әкімдігі  командирдің мезгілсіз қайтыс болуына байланысты туыстары мен жақындарына, әріптестеріне  көңіл айтады» делінген ведомство мәліметінде.

(Фото: Түркістан облыстық ТЖД)