Түркістан облысы мен Шымкентте су тасу қаупі жоқ. Себебі мамандар жақын күндері су қоймаларындағы тіршілік нәрі егіс алқабына жіберілетінін айтады. Сондықтан тіпті су тапшылығы да байқалуы мүмкін. Ал төтеншеліктер өзен жағалауларын бекіту жұмысын жасап жатыр.
Түркістан облысына судан келетін қауіп жоқ. Су шаруашылығы саласы сарапшысының сөзінше қоймаларындағы тіршілік нәрі осы айдан бастап, егістік жерді суаруға жіберіледі. Сондықтан өңірде тіпті жазда тапшылық байқалуы мүмкін екенін айтады. Десе де Шардара су қоймасындағы жиналған сұйықтықтың көлемі қазір 91 пайызды құраған.
«Ал Көксарайда 50 пайыз ғана су жиналған. Әлі 50 пайыз жинау керек. Ал Шардара бойынша келіп жатқан судың көлемі 500 кубқа да жетпейді. 452 куб секундына су келіп жатыр. Енді бірінші маусымға суды алу басталады. Бір төтенше жағдай орын алатынын көріп тұрған жоқпын. Ал Қызылорда жаққа суды сәл жіберу керек. Екіншіден Көксарайда қазір 50 пайыз су бар дедік. Бірақ техникалық жақтан ақсап тұр. Бір вакуум болуы керек. Фильтрден 60 литр шығарып жатыр. 1,8 жинағанда оның көлемі 1 кубқа дейін шығады. Оны 3 млрдқа жеткізу жұмысын үкімет тарапынан ертерек қолға алу керек», — дейді су шаруашылығы сарапшысы Сембай Сейсенов.
Сарапшы маман өзен бастауы шетелде болғандықтан Сырдарияның суы азайып, арнасы жайылғанын жеткізді. Бұл өз кезегінде Сырдың түбіндегі кұмның 1 жарым метрге көтерілуіне алып келген. Ал Шымкентте жағдай тұрақты. Десе де мамандар тауға жақын су қоймаларының жағдайы белгісіз екенін айтады. Себебі олар жекенің меншігіне өтіп кеткен
«Тоғыс пен Бадам республикалық меншікте. Олардан үлкен қауіп жоқ деп ойлаймын. Оларды мамандар қарап отыр. Ал жоғары да орналасқан Ақжар, Текесу су қоймаларының жағдайын мен білмеймін. Жеке меншікке өтіп кетті деп естідім. Мұны қолға алып, мемлекетке алу керек. Ертең бір жағдай болса, жауап беретін әкімдік. Келетін, кететін судың мөлшерін білу керек. Оны мониторинг жасау керек. Ертең жауап бере алу керек», — дейді су шаруашылығы сарапшысы Сембай Сейсенов.
Елімізде орын алған жағдайға байланысты Бадам су қоймасының жағалауын реттеуге 5 млрд теңге бөлінген. Ал төтеншеліктер су басу қаупінің алдын алу жұмыстары жүріп жатқанын айтады. Сөздерінше биыл мониторинг кезінде су шаюуы мүмкін деген 31 аймақ белгіленген. Олар үздіксіз бақылауда.
«Төлеби ауданындағы тау қарлары еріген сәтте Бадам өзені тасып кету қаупі бар. Онда 6 елді мекен орналасқан. Сондықтан Бадам өзені каналдарын тереңдетіп, жағасын бекіту жұмыстары бойынша ауқымды жұмыс атқарылған. Қазір су басатындай үлкен қауіп жоқ. Өйткені барлығы дайындыққа келтірілген», — дейді Шымкент қаласы ТЖД-нің ресми өкілі Асқар Шәріп.
Айта кетейік, Шымкенттен 27 наурызда Ақмола облысына көмек көрсетуге 40 жеке құрам мен 5 бірлік техника жіберілген. Қазір 10 өңірде төтенше жағдай жарияланған. Батыс Қазақстан облысында су тасқыны жағдайының күрделенуіне байланысты бүгін Түркістан облысынан 104 құтқарушы және 12 бірлік техника авариялық-құтқару мен кезек күттірмейтін жұмыстарды жүргізу мақсатында Орал қаласына аттанды. Су басқан аймақтарға тағы құтқарушылар қажет болса, үшінші мегаполистік 44 қызметкер мен 5 техника дайын тұр.