Түркістан облысында небәрі екі күнде сауда нүктелерінен 6,2 млн теңгенің заңсыз алкоголь мен темекі өнімдері тәркіленген.
Мемлекеттік кірістер комитетінің мәліметінше, аталған заңбұзушылықтар 4-5 сәуірде Созақ, Ордабасы және Түлкібас ауданында жүргізілген рейдтік іс-шаралар нәтижесінде анықтады. Оның ішінде:
— тауарларға арналған ілеспе жүк құжаттарсыз, тиісті лицензиясыз сақтаған 5,7 мың бөтелке, құны 4,4 млн теңге әр түрлі атаудағы алкоголь өнімдері;
— сәйкестендіру құралдарымен таңбаланбаған 5,2 мың қорап, құны 1,8 млн теңге, «Оris», «Oscar», «Zumerret», «Mondeo» маркалы темекі өнімдері анықталған.
«Аталған фактілер бойынша ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 463, 283, 283-1 баптары бойынша әкімшілік іс-құжаттар жинақталып, сотқа жолданды. Салық төлеушілерге құқық бұзушылықтың тікелей нысанасы болған акцизделетін тауарлар тәркіленіп, 50-ден 150 айлық есептік көрсеткіш мөлшеріне дейін айыппұл салынады» делінген ведомство мәліметінде.
(Фото: Мемлекеттік кірістер комитеті)