«Жасыл аймақ» апталығы басталып, тазалық жұмыстары жалғасуда

Республикалық «Таза Қазақстан» акциясының үшінші апталығы басталды. «Жасыл аймақ» аптасында қазақстандықтар көшеттер отырғызып, ағаштардың түбі ақталады. Шымкенттіктер де экологиялық акцияға белсене қатысып жатыр. Тұран шағынауданының тұрғындары да көпқабатты үйлердің аумағын ақтап-сырлады. 

13 жасар Аружан Расулжан республика көлемінде өткізіліп жатқан тазалық акциясына белсене қатысып келеді. 5 сынып оқушысы жас экологтар үйірмесінің мүшесі. Шымкент қаласының тазалығына әрі көркеюіне үлесімді қосқым келеді деген жасөспірім сенбіліктен қалған емес.

Аружан Расулжан, Абай Құнанбаев атындағы мектеп оқушысы: «Тарихи кесенелерге, мәдени орталықтарға, аллеляларға және тағы да басқа жақтарға барып, қатысып жатырмыз. Ол жаққа барып, ағаштарды әктейміз, сыпырамыз, қоқыстарды жинаймыз, оның үстіне қызықты уақыт өткіземіз».

Бүгін Қаратау ауданында «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында «Жасыл аймақ» апталығына орай ағаш егу жұмыстары жүргізілді. Сондай-ақ, көпқабатты үйлердің ауласы абаттандырылып, еріктілермен бірге тұрғындар да аумақты әктеп-сырлауға атсалысты.

Азамат Парманов, Қаратау ауданы әкімінің орынбасары: «Көпқабатты үйлердің аумағына санитарлық тазалық жүргізіп, ағаш қырқу, шөптерді орып, әктеу, сынған ойын элементтерін қалпына келтіру жұмыстарын атқарып жатырмыз. Бұл іс-шараға өздеріңіз көріп отырғандай ауданның тұрғындары, жастар мен ақсақалдар, одан бөлек жас экологтар келіп отыр қазір».

Айта кетейік, биыл Қаратау ауданы аумағында 2000-ға жуық ағаш көшеттері отырғызылды. Ал экологиялық акция аясындағы тазалық жұмыстары алдағы уақытта да жалғасын табатын болады. Бүгінде үшінші мегаполис тұрғындары бүкіл қаланы тазартып, күл қоқыстан арылтып, таза қалаға айналдырды.